Облыс әкімі Асайын Байханов «Ертіс» футбол клубының басшылығымен және ойыншыларымен кездесті. Онда клубтың дайындығымен танысып, жаңа маусымның басталуымен құттықтады. Толығырақ әріптесім Жұлдыз Қабылденова жалғастырады.
«Ертіс» – 60 жыл тарихы ішінде Қазақстанның бес дүркін чемпионы, ел Кубогының иегері атанған даңқты клуб. 2020 жылы даңғарысқа ұшырап, жұмысын тоқтағанымен, 3 жыл өңір басшысының бастамасымен клубты қайта жандардыру қолға алынған. Команда 2024 жылы екінші лига чемпионы атанса, былтыр бірінші лиганың вице-чемпионы болған. Енді команда премьер лигада облыс намысын қорғайды. Жаңа маусым алдындағы кездесуде облыс әкімі осыны еске алып, аңызға айналған клубты қайта қалпына келтіру үшін біршама іс атқарылғанын атап өтті.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
«Өткен жылы біз демеушілік қаражат есебінен шамамен 800 млн теңге жұмсадық, бұл 1,5 млн АҚШ долларына тең. Ал «Ертіс» клубын толық қалпына келтіру үшін, барлық қарызды қоса есептегенде, екі жыл ішінде жалпы 4,5 млн АҚШ долларына жуық инвестиция салынды. Бұл қаражат клубты жаңа заңды тұлға ретінде құрмай, оның барлық титулы мен регалиясын сақтап қалу және ФИФА мен Қазақстан футбол федерациясы тарапынан толық аккредитация алу үшін жұмсалды. Ауқымды жұмыс атқарылды. Енді біздің басты тілек – осы еңбектің зая кетпеуі. Әрине, біз жақсы нәтижелер күтеміз.»
Аймақ басшысы ойыншылар мен жанкүйерлер үшін барлық жағдайды жасауға тырысатынын айтты. Сонымен қатар, ол жаңа, заманауи стадион салу жоспарымен бөлісті.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
«Біз қаржыландыру мәселелерімен айналысуды жалғастырамыз. Қаржыландыру тұрақты әрі уақтылы болуы үшін барлық қажетті шараны қабылдаймыз. Сонымен қатар, спорттық инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлінеді. Әрине, мұндай жұмыстар қысқа уақытта жүзеге аса қоймайды. Дегенмен, үлкен футбол стадионын салуды жоспарлап отырғанымызды жария еттік. Қазір жобалаушылар қарастырып жатыр, бірақ стадион шамамен 20-25 мың орындық, заманауи, еуропалық стандарттарға сай болады. Қалалық әкімдік бұл жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Ал біз өз тарапымыздан қаржыландырумен қамтамасыз етіп, осы мәселелерді қысқа мерзімде шешуге тырысамыз.»
Биыл клуб тізгіні беларусь маманы Кирилл Альшевскийге сеніп тапсырылды. Білікті бапкер футболшыларды алға жетелеп, турнирлік кестеде мүмкіндігінше жоғары орын алу үшін тырысатынын айтты. Бұл мақсатта клубтың негізгі құрамына да өзгерістер енгізілді.
Кирилл Альшевский, «Ертіс» футбол клубының бас бапкері
«Клубтың өзіндік дәстүрі бар екенін, белгілі бір кезеңде қиындықтарға тап болғанын білемін. Мен үшін бұл тарихы бар жаңа жоба тәрізді. Осындай жобалар әрқашан қызықты. Сол себепті шақыртуды қуана қабылдадым.Бос уәде беруден аулақпын. Мен 20 жылдан аса бапкерлік қызмет етіп келемін. Кейде іштей «осылай болады» деп сезгенімен, кейін мүлде басқаша болып шығады. Бірақ бір нәрсе анық – біз орындауға тиісті міндеттерді жүзеге асыруымызщ керек. Нәтижесін әрі қарай, көре жатармыз. Әлбетте, жеңіске жету үшін барымызды саламыз. Клуб қатарынан көргіміз келетін ойыншылардың барлығын дерлік, соның ішінде легионерлерді де жинадық. Менің ойымша, ұжымымыз бәсекеге қабілетті»
«Ертіс» жаңа маусымдағы алғашқы ойынын сырт алаңда шымкенттік «Ордабасыға» қарсы өткізеді. Ал павлодарлық жанкүйерлер орталық стадионда 16 наурыз күні «Атырау» командасына қарсы өтетін ойынды тамашалай алады.
Жұлдыз Қабылденова