Павлодар облысында жыл сайын шамамен 200 тұрғын иммун тапшылығы вирусын жұқтырады. Қазір өңірде осы диагнозбен 2 800 адам өмір сүреді. Мамандардың айтуынша, қоғамда бұл инфекцияға қатысты қате түсініктер мен негізсіз үрей әлі де бар. Ақ халаттылар емдеу тәсілдері туралы нақты ақпаратпен бөлісті..

Облыстық инфекцияның алдын алу орталығының мамандары ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізді. Ең жиі кездесетін жаңсақ пікір – инфекция тұрмыстық жолмен жұғады деген түсінік. Мамандар тұрғындарға вирустың тек тікелей қан арқылы берілуі мүмкін екенін ескертті.

Марина Сорокина, Павлодар облыстық аитв-инфекциясын алдын алу орталығының емдік көмек бөлімінің меңгерушісі

Көпшілік бұл вирусты күнделікті тұрмыста немесе жәндіктердің шағуы арқылы жұқтыруға болады деп ойлайды. Жаз мезгілінде адамдар жағажайда жарақат алып, инфекция жұқтырып аламыз ба деп алаңдайды. Алайда сыртқы ортада ұзақ уақыт жатқан заттар жұқтыру көзі бола алмайды. Вирус тек жұқтырған адамның қанымен тікелей байланыс кезінде беріледі. Қол алысу, құшақтасу, ортақ ыдыс пайдалану, моншаға бару арқылы бұл инфекция жұқпайды.

Тағы бір қате түсінік бұл – иммун тапшылығы вирусы міндетті түрде өлімге әкеледі деген пікір. Диагноз созылмалы, бақылауға болатын жағдай ретінде қарастырылады. Уақтылы ем қабылдаған адам ұзақ әрі сапалы өмір сүре алады.

Марина Сорокина, Павлодар облыстық аитв-инфекциясын алдын алу орталығының емдік көмек бөлімінің меңгерушісі

Егер адам 20 жасында вирус жұқтырса, халықаралық деректерге сәйкес, оның өмір жасы шамамен тағы 60 жылға ұзаруы мүмкін. Яғни, емді тұрақты қабылдаған жағдайда 80 жасқа дейін өмір сүруге мүмкіндік бар. Емдеу – өмір бойы жүргізіледі, тегін және қолжетімді. Қазіргі антиретровирустық дәрілердің жанама әсері аз, науқастар оларды жақсы көтереді. Көп жағдайда күніне бір рет дәрі ішу жеткілікті. Ең бастысы үзбей қабылдау. Үзіліс болған жағдайда вирус дәріге төзімді болуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, инфекция жыныстық қатынас арқылы жиі таралады. Сондықтан дәрігерлер қорғану құралдарын қолдануға, кездейсоқ байланыстан бас тартуға және тұрақты түрде тексеріліп тұруға кеңес береді.

Марина Сорокина, Павлодар облыстық аитв-инфекциясын алдын алу орталығының емдік көмек бөлімінің меңгерушісі

Иммун тапшылығы вирусына тестілеуден кез келген медициналық ұйымда өтуге болады. Сондай-ақ Павлодар қаласындағы Ломов көшесі, 47/1 мекенжайында орналасқан облыстық алдын алу орталығы дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Талдау тапсырар алдында міндетті түрде кеңес беріледі. Нәтиже келесі күні дайын болады.

Дұрыс ақпарат, уақытылы тексерілу және тұрақты ем адамның толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік береді.

Сабина Жолдаспаева