8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Осыған орай біз әр салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың табанды еңбегі туралы айтамыз. Олардың қатарында қоғам тыныштығын сақтауға үлес қосып жүрген жас маман да бар. Бүгінгі кейіпкеріміз Павлодар қаласы Полиция басқармасының инспекторы Диляра Біләл. Офицер қоғамдық тәртіпті қадағалап, отбасылық зорлық-зомбылықпен күреседі.

Диляра Біләл небәрі 22 жаста. Ол ішкі істер органдарына 2022 жылы, 19 жасында қызметке келген. Жұмыс күні құжат рәсімдеуден, азаматтарды қабылдаудан, арыз-шағымдарды қараудан басталады. Инспектордың арнайы профилактикалық кабинеті бар. Мұнда отбасылық мәселемен келген тұрғындарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Диляра Біләл, Павлодар қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі инспекторы

Мен үшін полициядағы жұмыс – бала күнгі арманым. Адамдарға көмектесуге ниет еттім. Колледжді құқықтану мамандығы бойынша тәмамдадым. Одан кейін осы бағытта жоғары оқу орнына түсіп, білімімді жалғастырдым. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласын таңдауыма әйелдер мен балаларға қолдау көрсету себеп болды. Соңғы уақытта мұндай деректер жиілеп кетті. Жәбірленушілерге дер кезінде көмек көрсету – басты міндетіміз. Бір жолы төрт баласы бар әйел жүгінді. Олардың құжаттары да, қаржылай мүмкіндігі де болмаған. Басқа қаладан келген. Біз учаскелік инспекторлармен бірлесіп жедел жұмыс жүргіздік. Қазір олар қалада тұрып жатыр. Жағдайлары тұрақты.

Жас инспектор құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында да белсенді жұмыс істейді. Ол тек құжатпен шектелмейді. Рейдтерге шығып, жанжалға байланысты шақыртуларға барады. Түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Диляра Біләл, Павлодар қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі инспекторы

Менің жұмыс күнім әрдайым қарқынды өтеді. Азаматтарды қабылдаймыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдармен де, құқық бұзған азаматтармен де профилактикалық әңгіме жүргіземіз. Біз тек басқармада отырмаймыз. Үйлерді аралаймыз, тексеру жасаймыз. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Себебі бұл сала үлкен тәжірибе береді. Ең бастысы – адамдарға нақты көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Әрбір іс бойынша нәтижені көргенде еңбегіңнің ақталғанын сезінесің.

Қызмет пен жеке өмірді қатар алып жүруге отбасының қолдауы мен уақытты дұрыс жоспарлау көмектеседі.Әріптестері оның өз ісіне мұқият, жауапкершілігі жоғары маман екенін айтады. Жас болса да, қызметіне байыппен қарайды, тапсырылған істі соңына дейін жеткізеді.

Қанат Шүрекеев, Павлодар қаласы оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік полиция пунктінің инспекторы

Әріптесіммен соңғы 3 жылдай жұмыс атқарамын. Ол өте білімді, адамдарға, әсіресе қыз-келіншектерге отбасылық жағдайларда көмектеседі, әрдайым көмекке дайын. Олардың жағдайларын түсінеді.

Диляра Біләл – нәзіктік пен табандылықты қатар ұштастыра білген жас маман. Қоғам тыныштығы үшін еңбек етіп жүрген осындай арулардың қызметі әрдайым құрметке лайық.

Сабина Жолдаспаева