полидактилия дертімен дүниеге келген сәбиге күрделі ота жасалды. Давид есімді бүлдіршіннің аяқ-қолындағы саусақ саны қалыптан көп болған. Дәрігерлер дер кезінде әрекет етіп, ота сәтті өтті. Қазір ол ақ халаттылардың жіті бақылауында. Емдеу шаралары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүргізілуде.

Мұндай туа біткен ауытқулар көбіне тұқым қуалайды. Егер отбасында немесе жақын туыстар арасында осындай жағдайлар болған болса, оның келесі ұрпақта қайталану ықтималдығы жоғары болмақ.

Иван Дорофеев, Давидтің әкесі

Ұлымның сол қолында жеті, оң қолында алты саусақ, ал оң аяғында тағы алты саусақ бар. Бұл жағдай біз үшін тосын болғанмен, оны түсіністікпен қабылдадық. Жұбайымның отбасында да мұндай жағдайлар кездескен. Әкесі мен басқа туыстары да осыған ұқсас жағдайлардан өткен. Өз басым мұндай болады деп ойламадым, бірақ ұлымды өзгеше әрі ерекше бала ретінде қабылдаймын.

Сәбилерін әлеуметтік және физиологиялық қиындықтардан қорғау үшін ата-анасы артық саусақтарды алып тастау жөнінде шешім қабылдады. Ота медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін жасалды. Қазір Давидке бірнеше кезеңнен тұратын операциялар жүргізілуде. Дәрігерлер баланың аяқ-қол қозғалысын толық сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Егер бұл ота ақылы түрде жасалғанда, оның құны 700 мың теңге болар еді.

Юлия Дюшебаева, Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматолог-дәрігері

Давидтің жағдайы – ерекше. Оның саусақ саны ғана артық емес, сонымен қатар кейбір саусақтар бірігіп кеткен. Мұндай құбылысты поли- және синдактилия деп атаймыз. Қолында – толығымен қалыптасқан қосымша сүйектер бар, ал аяғында да сүйек жүйесі толық дамыған. Бұған дейін аяғына ота жасаған едік, бүгінде қолына ота жүргізілуде. Алдыңғы ота сәтті өтіп, баланың аяғы толықтай қалпына келді. Қазір міне жүгіріп жүр. Енді қолы да тез жазылады деген үміттеміз.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары туа біткен мұндай ауытқулар жиілеген. Облыстық балалар ауруханасында осындай оталар аптасына кемінде екі рет жасалады.

Салтанат Бауыржанқызы