Жүргізуші куәлігін алу кезінде анықтаманы қағаз түрінде тапсыру қажет емес. Денсаулық жағдайын тексеру нәтижелері тікелей автоматты түрде Халыққа қызмет көрсету орталығына жіберіледі. Бұл жаңа тәртіп жүргізушілерге ыңғайлы әрі уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жалған анықтамаларды ұсынудың жолын кеседі.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен біріктірді. Бұл жүргізуші куәлігін алу кезінде 073/е үлгісіндегі жалған медициналық анықтама ұсыну мүмкіндігін жояды. Осылайша мемлекеттік корпорация жүргізуші куәлігін алу кезінде 073/е медициналық анықтамасын автоматты түрде тексеруді енгізді.
Абзал Қабдраш, Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының PR -менеджері
Мемлекеттік корпорацияда енді жүргізуші куәлігін алу кезінде 073 медициналық анықтамасын қағаз жүзінде әкелудің қажеттілігі жоқ. Барлық ақпарат халыққа қызмет көрсету базасында тұрады. Жалған құжаттардың алдын алудың бір тәсілі.
Айта кету керек, жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталмай тұрып ауыстырылған жағдайда, медициналық тексеруден өту талап етілмейді. Сондай-ақ, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден анықтама ұсыну қажеттілігі жоқ.
Самал Қалиқызы