Өңірде жыл сайын жаз мезгілі кезінде ұйымдастырылатын «Тарихтың ізімен» жобасы басталды. Бұл облыстық деңгейдегі тың бастама. Жобаның мақсаты жастардың туған өлкенің тарихына, мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттыру. Бүгін алғашқы топ Жастар бастамаларын дамыту орталығы алдында жиналып, сапарға жолға шықты.
Жоба аясында жастар қасиетті және тарихи орындарға тегін саяхаттайды. 6 бағыт бойынша арнайы экскурсиялық турлар ұйымдастырылады. Саяхат кезінде жастар өңіріміздің киелі мекендерімен жақынырақ танысады. Әр сапарда оларға тарихшылар мен өлкетанушылар бағыт береді. Жоба тек экскурсиямен шектелмейді. Қатысушылар үшін квесттер, шығармашылық тапсырмалар мен шағын байқаулар қарастырылған.
Әйгерім Кинжалина, жастар бастамаларын дамыту орталығының креативті жастармен жұмыс жөніндегі инспекторы
Осы жоба бойынша біз Павлодар облысының түрлі аудандарына барамыз. Оның ішінде біз 6 ауданды таңдадық. Ең алдымен біз Железин ауданына барамыз. Ол жерде тарихи-өлкетану мұражайына жол тартамыз. Сонымен қатар Баянауыл, Май, Аққулы, Шарбақты аудандарына және Екібастұз қаласына жол тартамыз. Павлодар облысындағы түрлі аудандарға барып, танысу. Тарихқа шолу жасап, өңіріміздегі түрлі тарихи, киелі жерлеріміздің барын көрсету және насихаттау.
Әр сапар сайын «TravelVision» атты кішігірім байқау өтеді. Қатысушылар сапар барысында ең қызықты сәттерден бейнеролик түсіруі тиіс. 6 үздік видеоавтор арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болады.
Нұрхан Ералы, студенттер қауымдастығының төрағасы
Осы жоба Павлодар облысының жастарына өте керемет жобалардың бірі деп есептеймін. Себебі, өңіріміздің тарихи жерлерін тану барлық азаматтардың міндеті деп ойлаймын. Бүгін біз керемет жерлерді аралап, жақсы мағлұматтарды біліп қайтамыз деп ойлаймын.
«Тарихтың ізімен» жобасы туған өлкенің тарихымен терең танысып, жаңа достар табуға мүмкіндік береді.
Сабина Жолдаспаева