Павлодарлық гимнасттар Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап қайтты. Жас спортшылар мен тәжірибелі атлеттер жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жеңімпаздарды біздің түсірілім топ қарсы алды.
Теміржол вокзалында Азия чемпионатынан оралған спортшыларды жанкүйерлер, жаттықтырушылар мен туыстары ыстық ықыласпен қарсы алды. Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 12 гимнаст өнер көрсетті. Оның алтауы негізгі құрамада, қалғаны жас спортшылар. Ересектер арасында павлодарлық Роман Маменов өнер көрсетіп, командалық есепте қола жүлдеге ие болды.
Роман Маменов, Азия чемпионатының қола жүлдегері
Бұл – ұмытылмас сәт! Қоланы жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Біз Оңтүстік Корея құрамасын бар болғаны 0,02 ұпайға артта қалдырдық. Біз алты түрлі санатта өнер көрсетіп, әрқайсысынан ұпай жинадық. Сол балл қосылып, жалпы нәтиже шықты. Үшінші орынды еншіледік. Қуаныштымын.
Романмен қатарлас жастар құрамында Роман Хегай, Нуртан Идрисов пен Артём Ковалев өнер көрсетті. Олар командалық есепте қола жүлде жеңіп алды. Жекелей сында да жоғары нәтиже көрсетіп, үздік атлеттер қатарынан көрінді.
Нұртан Идрисов, жастар арасындағы Азия чемпионы
Азия чемпионатына ұзақ дайындалдық. Көп жаттықтық, снарядтарға бейімделдік. Жарысқа дейін арнайы оқу-жаттығу жиындарына барып, жақсылап дайындалдық.
Жалпы, павлодарлық гимнасттар Азия чемпионатында 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
Сабина Жолдаспаева