Павлодар облысында шомылу маусымы басталғаннан бері құтқарушылар күнделікті рейдке шығады. Бұл алдын алу және тексеру мақсатында жүргізілетін арнайы шара. Құтқарушылар жабдықталған қайықпен су айдындарын аралап, демалушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Рейд барысында ең жиі тіркелетін заңбұзушылық мас күйінде суға түсу және балаларды қараусыз қалдыру. Мұндай жағдайлар адам өміріне қауіп төндіреді. Құтқарушылардың айтуынша, кәмелет жасқа толмаған балалар жағалауда жалғыз жүрген жағдайда ата-аналарына айыппұл салынады. Осы орайда, арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Серік Шериязданов, ТЖД жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары
Ашылған жағажайларда, рұқсат етілмеген орындарда адамдар шомылып жатса, не үшін ол жерде шомылуға болмайтынын, не үшін белгі тұрғаны жайында түсініктеме жүргіземіз. Әрине кейібірі түсінсе, кейбірі түсінбей жатады. Мас күйінде шомылған жағдайда, міндетті түрде ішкі істер органдарының қызметкерлерін шақырып, айыппұл салынады. Өйткені мас күйінде шомылуға мүлдем болмайды.
Құтқарушылардың айтуынша, мұндай оқиғалар жаз басталғалы бірнеше рет тіркелді. Әсіресе демалыс күндері халық көп жиналатын кезде, қауіп те арта түседі. Жағалауда халыққа ескерту жасалады.
Серік Шериязданов, ТЖД жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары
Павлодар облысы тұрғындарынан өтініп сұрайтынымыз, тек рұқсат етілген жерлерде шомылу. Тыйым салынған жерлерде шомылмау, әсіресе белгілер тұрған жерде. Ол белгілерді жайдан-жай қоймаймыз. Ол дегеніміз ағын қатты немес шұңқыр бар деген сөз. Немесе түбінде темір жатуы мүмкін, бұл адам өміріне қауіп төндіреді. Одан кейін, ата-аналардан сұрайтынымз, кәмелет жасқа толмаған балаларды жағажайға жалғыз жібермеңіздер. Егер бірге демалуға шықсаңыздар, бала суға кірсе, ата-ананың бірі қасынан кетпеу керек.
Айта кетейік, суға түсу ережелерін бұзған азаматтарға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Сабина Жолдаспаева