Теміржол вокзалында балалар мен ата-аналарға арналған қауіпсіздік рейді өтті. Шара барысында мамандар теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін ескертіп, әр жолаушының өмірі сақтыққа тікелей байланысты екенін түсіндірді. Тұрғындарға арнайы дайындалған жадынамалар таратылып, жол ережелерін қатаң сақтау қажеттігі туралы кеңес берілді.Толығырақ әріптесім Дильназ Қуанышбекқызы тарқатады.
Теміржол – аса қауіпті аймақ. Сондықтан бұл аумақта қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтау аса маңызды. Павлодар теміржол мекемесі мамандарының айтуынша бүгінде тұрғындар арасында рұқсат етілмеген жерлерден өту деректері артып келеді. Мұндай әрекеттер түрлі апатты жағдайларға алып келуі мүмкін.
Айдар Хамзабаев, Павлодар жол дистанциясының бас инженері
Қазіргі теміржолда арнайы орналастырылған жерден өтпегеннің салдарынан түрлі жағдайлар орын алуда.осының алдын алу мақсатында рейд жүргізіп жатырмыз. Демалыс уақытында ата-аналардан балаларын қарауды, қадағалауды сұраймыз.Теміржол өте қауіпті аймақ болғандықтан барлық сақтық шараларын сақтауды қадағалауларыңызды өтінеміз.
Мамандардың айтуынша, теміржолдан өту кезінде тұрғындар арнайы салынған көпірді пайдалануы тиіс. Сонымен қатар, жайылымда жүрген үй жануарлары, иелерінің бақылауында болуы қажет. Себебі олардың рельске шығуы пойыз қозғалысына қауіп төндіреді.
Дильназ Қуанышбекқызы, тілші
Биыл жолаушылардың сақтық шараларын сақтамауы салдарынан теміржол өткелін кесіп өту жағдайлары тіркеліп, екі рет жедел тежеу орын алды.Ал бұл поездардың кешігуіне себеп болады.
Сонымен қатар, соңғы уақытта жасөспірімдер арасында теміржол маңында фото немесе видео түсіру сәнге айналған. Алайда мамандар мұндай әрекеттер өмірге қауіпті екенін ескертеді. Рельс маңында жүруге, суретке түсуге немесе шектеу қойылған аймақтарға жақындауға қатаң тыйым салынады.
Қауіпсіздік – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Теміржол тәртібін сақтау – өз өміріңізді және жақындарыңызды қорғаудың кепілі.
Дильназ Куанышбекқызы