Павлодар облыстық экология департаменті заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау бойынша рейдке шықты. Оның барысында е қала маңындағы заңсыз қоқыс полигонын анықтады. Сөйтсе, бұл үйіндінің мәселесі біраз жылдарды қамтиды екен. Сұрақ жергілікті деңгейде шешілмей келеді.
Самал Қалиқызы, тілші
Бұл Кенжекөл ауылы маңындағы қоқыс полигонының жағдайы жылдар бойы шешілмей келе жатыр. Жергілікті әкімдік жолды мында жабады, ашады. Жағдай ушығып, қордаланып кетті дейді.
Павлодар облыстық экология департаментінің ұйымдастырған кезекті рейді барысында осы рұқсат етілмеген қоқыс полигоны қайта анықталды. Рейдке шыққан экологтар мен қоғамдық кеңес мүшелері жағдаймен таныс екенін айтты.
Марина Регатунова, Павлодар облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі
Бұл қоқыс үйіндісі рұқсат етілмеген аумақта орналасқан. Жергілікті әкімдік аумақты ресми түрде заңдастырып, қолданғысы келеді. Тұрғындар мында көбінесе мал шаруашылығы қалдықтарын лақтырады. Бірақ аумақты заңдастыру мүмкіндігі жоқ, себебі жақын жерде, 15 шақырымға жетпей әуежай орналасқан. Яғни әуежайлардың қолдану құжаттары бойынша жақын жерде осындай полигондар, қоқыс үйінділері болмау керек. Мәселе жергілікті деңгейде жылдар бойы шешілмей келеді, сондықтан облыстық деңгейде шешу керек.
Расымен, жергілікті әкімдік аумақты заңдастырып алғысы келеді. Бірақ әуежайдың жақын орналасуы, елдімекенге тиесілі жер учаскесінің тапшы болуы жағдайды ушықтырып отыр. Ал, экология департаменті жергілікті әкімдікке аумақты тазартуға уақыт берді. Болмаса, тиісті шара қолданатынын хабарлады.
Сабина Мұхаметқалым, Павлодар облысы экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы
Бүгін Байдала ауылы маңында рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Енді жергілікті әкімдікке осы аумақты тазартуға уақыт береміз. Егер осы уақытта аумақты тазартпаса, онда біз тиісті шараларды қолданамыз. Әкімшілік айыппұл саламыз.
Негізі, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мәселесін шешу жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында тапсырма берген болатын. Айта кетсек, облыс бойынша 324 қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған аумақ бар. Олардың 4-еуінде рұқсат етілген құжаттары болса, ауылдық округтер аумағында орналасқан 321 полигонның тиісті құжаттары әлі жоқ.
Самал Қалиқызы