Жол қозғалысы ережелерін елемеу салдарынан адам өлімі мен түрлі дене жарақаттарын алу жағдайлары көбейді. Павлодар облысында ағымдағы жылдың өзінде 500 ден астам жол көлік оқиғасы тіркелген. Сондай-ақ, қауіпсіздік белдігін тақпаған 5 мыңнан астам жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Полицейлер қауіпсіздік белдігінің өмір сақтайтын маңызды құрал екенін еске салады. Ол апат кезінде жүргізуші мен жолаушыны орнында ұстап, ауыр жарақат алудан және көлік ішіндегі соқтығыстан қорғайды. Алайда, кейбір жүргізушілер белдік қозғалысты шектейді немесе жай ғана ұмытып кетеміз деген сылтаумен тақпайды.

Белгіленген жылдамдық режимінен асып кету-жолдағы күрделі мәселе. Барлық ескертулер мен айыппұлдарға қарамастан, көптеген жүргізушілер жол жүру ережелерін өрескел бұзады. Ережелерді сақтамау көбінесе ауыр зардаптарға әкеледі.Айта кетейік, өңірде жыл басынан 136 мыңнан астам әкімшілік бұзушылық тіркелген.

Жылдамдық режимін сақтамау – жолдағы ең өзекті проблемалардың бірі. Қауіпсіздік белдігін тақпау мен жылдамдықты асыру – бұл бір тізбектің екі буыны. Екеуінің де салдары — қайғылы оқиғалар. Полицейлер жүргізушілерді жаяу жүргіншілер өткелдерінде аса мұқият болуға шақырады. Көлік жүргізушілері жаяу жүргіншіге жақындағанда, жылдамдықты төмендетіп, қажет болса тоқтауы тиіс.

Дильназ Куанышбекқызы