Павлодар қаласында адам көп жүретін жерлерінде жерүсті жаяу жүргінші өткелдерін салу ұсынылды. Полиция деректеріне сәйкес, жаяу жүргіншілердің қатысумен жол-көлік оқиғалары көбейіп кетті. Биыл 169 оқиға тіркеліп, салдарынан 6 адам көз жұмды, тағы 183 адам жарақат алды. Осы және өзге де мәселелер облыстық қоғамдық кеңестің отырысында қаралды.

Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, облыс орталығындағы жаяу жүргінші өткелдерінің басым бөлігінде жарық орнатылған. Алайда бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіру қажет.

Арман Қарыбаев, Павлодар облысы полиция департаментінің арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы

Біз қосымша жарықдиодты жол белгілерін және өткелге жақындаған тұста шу жолақтарын орнатуды ұсынып отырмыз. Мысалы, «Артур» сауда орны, теміржол вокзалы және Камзин көшесіндегі «Сургут» дүкені маңында осындай өткелдер қажет деп санаймын. Бұл жолдағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, жаяу жүргіншілерге де қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасайды. Қазір кейбір жол белгілері уақыт өте келе жарықты шағылыстыру қасиетін жоғалтады. Сондықтан жарықдиодты белгілерді орнатқымыз келеді. Олар алыстан жақсы көрінеді. Қазір кейбір белгілердің түсі өшіп қалған. Жүргізушілер оларды байқамай қалып, жаяу жүргіншілерге жол бермей қалуы мүмкін.

Сондай-ақ, полиция департаменті жол сызықтарын термопластикпен бояуды ұсынады. Қоғамдық кеңесте жасанды жол бөгеттерін орнату жайы да сөз болды. Алайда стандарттарға сәйкес, үш және одан да көп жолағы бар жолдарда оларды орнатуға болмайды. Тек мектептер мен балабақшалар маңында ғана рұқсат етіледі.

Арман Қарыбаев, Павлодар облысы полиция департаментінің арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы

«Жүргізушілер ескі белгілерге үйреніп кеткен, олар үшін бұл – күнделікті көрініс. Ал егер жол белгісі жарықтандырылса – бұл назар аудартады.»

Қоғамдық кеңес мүшелері полицияның ұсыныстарына қарсы болған жоқ. Сондай-ақ, мектеп маңындағы өткелдерге назар аударды. Олардың пікірінше, кей жерлерде бағдаршам орнату немесе жасанды жол бұдырларын қою қажет. Бірақ нақты мекенжайлар бойынша жоспар керек. Бұған қоса, тек жаяу жүргіншілер емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың мүддесі ескерілетіні айтылды. Мәселен, трамвай жүргізушілері жол үстіндегі жаяу жүргіншілерді дер кезінде байқай алмай жатады.

Мүслим Махмұдов, қоғамдық кеңес мүшесі:

«Жүргізушілер бағдаршамға қарап қозғалады. Ал Назарбаев даңғылында өсіп тұрған ағаштардың бұталарынан жаяу жүргіншілер көрінбей қалады. Біз бұл мәселе бойынша тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімімен жұмыс істеп жатырмыз. Бұталар кесіледі.

Кеңесте Лермонтов көшесіндегі жүріп жатқан жөндеу жұмыстары да сөз болды. Онда жаңарудан кейін жол тарылады. Жалпы, жолдағы қауіпсіздік – басты басымдық. Бұл – әсіресе балалардың, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін аса өзекті мәселе.

Бәкір Демеуов, Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

Жолдағы қауіпсіздік өте күрделі мәселе. Әсіресе қалаларымызда. Павлодар қаласында. Арнайы сол сұрақты көтеріп отырмыз. Сол ұснысытар берді. Толық қарап қолдадық. Үш ьқаланы қарастырып, ұснысытарды айттық. Балабақша қасы, мектеп. Халық соған тырысып жұмыс жсап жатырмыз.

Қалалық әкімдік өкілі барлық ұсыныстар назарға алынатынын айтты. Сонымен бірге, биыл Павлодарда бірнеше жаңа бағдаршам орнатылатынын жеткізді.

Әнуарбек Аманов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары

 «Биыл Жібек жолы–Геринг, Астана–Чокин, Чокин–Камзин, Сұрағанов–Аймауытов қиылыстарында жаңа бағдаршамдар орнатамыз. Бұған дейін М-38 трассасына екі бағдаршам қойылған, биыл тағы екеуі іске қосылады.»

Жалпы, жаяу жүргінші өткелдерінде орын алатын жол апаттары қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызады. Мұндай оқиғалар инфрақұрылымның әлсіздігін көрсетеді. Сондықтан қоғамдық кеңес бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуді ұсынды. Себебі бұл ең алдымен, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселе.

Әйгерім Тоқпанқызы