Өңірде төрт ірі спорт және мәдени нысан салынады. Облыс орталығында мұз сарайы, конгресс-холл, әмбебап спорт аренасы және Екібастұзда спорт сарайы бой көтереді. Бүгінде әлеуметтік нысандардың жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Мұз сарайы «Достық» шағын ауданында салынады. Жоба дайын, осы апта соңында мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Сол аумақта 1500 орындық конгресс-холл да бой көтермек.Сонымен қатар, Павлодарда 5000 адамға арналған әмбебап спорт аренасының жобасы әзірленіп жатыр. Нысанда бассейн, гимнастика залдары және жеңіл атлетика манежі қарастырылған. Және де Екібастұз шаһарында мұз аренасы салынады. Нысан құрылысының жобасы Петропавл қаласындағы мұз сарайына лайықталып салынады.
Асқар Ажмұрат, Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы
Жоба әзірленуде. Негізге Петропавлда іске асырылған жоба алынған. Техникалық талаптарға сәйкес барлық материал жобалаушыларға тапсырылды. Мұз сарайы Екібастұз қаласында салынатын болады.
Облыс әкімі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру – баршаға ортақ міндет екенін айтты. Жауапты тұлғаларға барлық жобалар уақытында орындалуы керек екенін ескертті.
Әйгерім Тоқпанқызы