Ақсу қаласының құрметті азаматы Рымкеш Хамитқызы 75 жасқа толды. Өмірінің 45-жылын ұстаздық жолға арнаған, оның 30-жылында мектеп директоры қызметін атқарған, Ақсу қаласында қазақ мектебінің негізін қалаған педагог. Кейіпкеріміздің саналы ғұмыры мен еңбек жолы бүгінгі сюжетке арқау болды.
Дана халқымыз «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» дейді. Әр кішкентай бүлдіршінді білім әлеміне қанат бітіріп, ғылым әлеміне жол ашқан ұлағатты ұстаздардың еңбегі ерен. Кейіпкеріміз Рымкеш Хамитқызы өмір жолын ұстаздық жолға арнаған жан. Оның 75 жылдық мерейтойына орай Ақсу қаласының әкімдігімен кеш ұйымдастырылды.
Болатбек Шәріпов, Ақсу қаласының әкімі
Білім беру саласының дамуына арналған ерең еңбек пен мағыналы ғұмырдың жарқын көрінісі. Сіз Ақсу қаласындағы алғашқы қазақ мектебінің негізі қаланып, талай шәкірт сапалы білім мен үлкен өмірге жолдама алды. Басшылықтағы іскерлігініңіз көпке үлгі. Құрметті Рымкеш Хамитқызы сізге деген ерекше ықыласым мен алғысымды білдіремін. Сізге ұзақ ғұмыр тілеймін.
Рымкеш Хамитқызының ықпалымен қазақ балалары үшін, аралас мектебі дербес қазақ мектебіне айналды. Мектеп жұмысы қарқынды жүргізіліп, білім алу мақсатында оқушылар мен жас ұстаздар жинала бастады. Педагогтар қауымы жақсы оқитын оқушылардың болашағына зер салып, олармен жұмысты күшейтті. Осы ретте Рымкеш анамыздың үзеңгілестері, замандастары жылы лебізімен бөлісті.
Залмұқан Арынов, Ақсу қаласының құрметті азаматы
Өте қиын кездер. 1985 жылы өте қиын кез болды. 11 класста 2-3 баладан отырған. Оның өзі жаяулап, жалпылап қасына ұстаз апаларын алып, ұйымдастырып, Ақсуда сыныптарды әр қарай ашуға үлес қосты. Рымкеш туралы не айтсам да көп емес. Қоғамдық жұмыстарға көмектеседі. Сіңлілеріне дұрыс бағыт береді. Бар білгенін әр уақытта жастарға ұсынуға дайын.
Рымкеш Хамитқызы қазір зейнетте. Еңбегінің жемісін көріп отырған ардагер ұстаз қоғамдық жұмыстардан қалмайды, Ақсу қалалық аналар кеңесін басқарып отыр. Жан-жақтан келген қонақтар бұл күні сахнаға шығып, құшақ-құшақ гүлдері мен ақ жаулықтарын анамыздың иығына жауып жатты. Бұдан асқан бақыт барма?!
Бақытжамал Максилова, «Нұр-ана әлемі» ҚБ төрағасы
Рымкеш Хамитовнаның 30 күн ойын, 40 күн тойын жасасаңыздар да болады. Жаңа балам айтып кетті мыңдаған бала Хамитовнаның қолын шыққан шығар деп. Құлыным, мыңдаған емес миллиондаған бала шыққан шығар. Сіздерге мың да бір алғыс айтамын Ананы құрметтегендеріңіз үшін. Себебі біздің облыс аналарды құрметтей білетін облыс.
Иә, Рымкеш Хамитқызының өмірі мен өнегесі көпке үлгі. Өзінің ғана емес елдің баласын тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатты. Аймақтың білім саласына идеологиялық тұрғыда тың серпін әкелді. Оны мақтаса да, онымен мақтанса да артық емес.
Самал Қалиқызы