Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Чехия Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Ян Бартошек бастаған делегациямен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Павлодар облысы мен Чехия Республикасы арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

Өңір басшысы қонақтарға облыстың әлеуетін таныстырып, Павлодар Қазақстанның ең ірі индустриялық орталықтарының бірі екенін атап өтті.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Өңірде еліміздің жалпы ішкі өнімінің 8 пайызы шоғырланған. Облыста республика бойынша электр энергиясының 42 пайызы, көмірдің 60 пайызы, ферроқорытпаның 58 пайызы және алюминийдің 100 пайызы өндіріледі.

Индустриядан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен де қарқынды дамып келеді. Бұл өңірдің маңызды артықшылықтарының бірі. Ертіс өзенінің облыс экономикасындағы рөлі айрықша.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Бұл – суармалы егіншілікті дамытуға зор мүмкіндік. Айта кету керек, біздің аймақта еліміздегі қарақұмықтың 65 пайызы, сәбіздің 35 пайызы және картоптың 25 пайызы өндірілуде.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. 2025 жылдың алғашқы төрт айында Павлодар облысы мен Чехия Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 11 миллион АҚШ долларынан асты. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,8 пайызға жоғары.

Ян Бартошек, Чехия республикасы мәжілісі төрағасының орынбасары

«Осындай кездесуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Делегациямызға көрсетілген жылы қабылдау үшін рахмет. Өңірлеріңіздің экономикалық әлеуетімен таныстық. Бұл ақпаратты елшілікке, өнеркәсіп және сауда министрлігіне, сыртқы істер министрлігімізге жеткіземіз. Өңірлеріңіздің қалай дамып жатқанын көзбен көріп отырмыз. Екі ел арасындағы тауар айналымының өсіп келе жатқаны қуантады. Мен Қазақстанға екінші рет келіп отырмын, сіздерде бәрі қарқынды дамып жатыр, әсіресе цифрлық сала.»

Асайын Байханов сондай-ақ қонақтарға өңірдің мәдени-тарихи мұрасы жайлы айтып берді. Сапар аясында Чехия делегациясы Машһүр Жүсіп Көпеев атындағы мешітке барды. Қонақтар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастыққа, білім алмасу мүмкіндіктеріне қызығушылық білдірді.

Ян Бартошек, Чехия республикасы мәжілісі төрағасының орынбасары

«Студенттер алмасу мәселесіне келсек, біздегі деректер бойынша, Чехияда 3 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Бұл – өзара қарым-қатынастың жақсы үлгісі, дипломатияның бір құралы, халықтар мен мәдениеттердің жақындасу жолы.»

Біз барлық салада – экономикадан бастап мәдениетке дейін – ынтымақтастыққа ашықпыз. Бұл сапар екіжақты әріптестікке жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді Асайын Байханов. Кездесу соңында өңір басшысы делегация өкілдеріне білдірген қызығушылығы мен ықыласы үшін алғыс айтып, Павлодар облысы әрдайым өзара тиімді диалогқа дайын екенін жеткізді.

Әйгерім Тоқпанқызы