Биыл Тереңкөл шаруалары егіс науқанында құны 2,5 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Сонымен қатар, диқаншылар арзандатылған дизель отынын алып, 3 миллиард теңгеге техника паркін жаңартты. Фермерлерге көрсетілген қолдау туралы толығырақ тілшіміз баяндайды.
Мемлекет тарапынан ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне жеңілдетілген бағамен – литрі 244 теңгеден 4,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ал бұл уақытта жанармай құю бекеттеріндегі баға 309 теңгеге жеткен еді. Мұндай қолдау фермерлердің көктемгі дала жұмыстарындағы шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік берді.
Құрман Ахметов, Тереңкөл ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі аграрлық саясат секторының меңгерушісі
Көктемгі егіс науқаны басталмас бұрын, «Бәйтерек» холдингі «КенДала-2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелер бөлді. Бұл мүмкіндікті 24 шаруа пайдаланып, жалпы 2,5 миллиард теңге көлемінде қаражат алды. Несие 1,5 жыл мерзімге, жылдық 5% мөлшерлемемен берілді. Алғашқы төлем жинау науқанынан кейін жүргізілсе, екінші төлем келесі жылдың наурыз айында – өнім сатылған соң жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қолдауға аудан шаруалары белсенді қатысты. «ҚазАгроҚаржы» арқылы берілген жеңілдетілген несие аясында шаруалар жалпы құны 3,2 миллиард теңге болатын 64 заманауи техниканы сатып алды.
Құрман Ахметов, Тереңкөл ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі аграрлық саясат секторының меңгерушісі
Бұл техникаларға кеткен шығынның бір бөлігі кейін субсидияланды. Мемлекет 30% көлемінде субсидия бөлді, бұл машиналардың құнын едәуір арзандатып, алғашқы төлемдерді қаржы институтына жабуға мүмкіндік берді.
Аудан бойынша мемлекеттік қолдау тапқан ең ірі жобалардың бірі –бұл Песчан ауылындағы 80 гектар суармалы алқапқа магистралды су құбыры, сорғы станциясы және электр желісін тарту жобасы. Бұл мақсатқа қожалық 150 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Тағы бір маңызды жоба – Жанабет ауылындағы суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған.
Құрман Ахметов, Тереңкөл ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі аграрлық саясат секторының меңгерушісі
«Шаров» шаруа қожалығы биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша 600 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл қаражатқа су құбыры тартылып, суару машиналары, сорғы жабдықтары мен су айдау, құбыр жүйелері сатып алынды. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін суармалы алқапты инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 50% көлемінде субсидия қарастырылады.
Сонымен қатар, ауданның шағын шаруашылықтары «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 2,5% жылдық мөлшерлемемен, 5 жыл мерзімге берілетін жеңілдетілген несиелерді кеңінен пайдаланды. Бұл бастама аясында жалпы сомасы 200 миллион теңгеге 17 жоба қолдау тапты.
Әйгерім Тоқпанқызы