Шаһарымызда «Фарватер» атты ерекше жоба қолға алынды. Яғни, оқушылар кеме үстінде сабақ өткізеді. Мұнда балалар бір апта бойы табиғатты зерттеп, жаңаша білім алады. Павлодар география үйінің жобасы туралы толығырақ келесі сюжеттен білейік.
«Фарватер» жобасының мақсаты балаларды табиғатпен етене таныстырып, ғылымға қызықтыру. Әдеттегі сынып бөлмесінің орнына оқушылар кемеде дәріс тыңдап, жағалауда тәжірибе жасайды. Биыл бұл академия сегізінші рет ұйымдастырылды. Ол 18-24 тамыз аралығында өтеді. Экспедицияға Павлодар, Екібастұз, Новочерноярка, Ефремовка және басқа елді мекеннен келген оқушылар қатысады.
Александр Вервекин, Павлодар география үйінің директоры
Жыл сайын бір апта аралығында жолаушылар кемесін - мектепке айналдырамыз. Бортта география, картография, зоология, ботаника, климатология, археология, этнография, геология сияқты пәндер оқытылады. Яғни география үйінің негізгі бағыттары қамтылады. Кемеде отызға жуық оқушы бар. Олар күн сайын дәріс тыңдап қана қоймай, сабаққа қатысады. Жағалауда тапсырма орындап, табиғатты бақылайды.
Балалар тіпті өздерін капитан ретінде сезініп көрді. Олар өсімдіктерді зерттеп, табиғи материалдардан кәдесый жасайды. Осылайша теория тәжірибемен ұштасады. Академияның ерекшелігі тек форматында емес, ұстаз құрамында. Мұнда ғалымдар, кандидаттар, өндіріс саласының мамандары мен сарапшылары дәріс оқиды. Ал академияның негізгі қатысушылары – география үйінің мектеп оқушылары.
Александр Вервекин, Павлодар география үйінің директоры
Қатысамын дейтіндер өте көп. Егер мүмкіндік болып, қаржы табылса, мұндай жобаны жиі өткізуге дайынбыз. Тіпті екі кеме жалдау немесе жылына бірнеше рет ұйымдастыру жоспарда бар. Қалай болғанда да, біз сегіз жылдан бері осы жобаны үзбей өткізіп келеміз. Бұл – Павлодар үшін үлкен жетістік. Себебі мұндай жоба басқа жерде сирек кездеседі.
Екатерина Новокрещенная, экспедиция қатысушысы
Мен бұл жобаға алғаш рет қатысып отырмын. Маған әртүрлі бағдарлама қатты ұнады. Кеше викторина болды, бүгін қолдан жасайтын бұйымдар дайындадық. Табиғат та әдемі, бәрі өте қызықты.
Кемеде күн сайын жаңа бағдарлама өтеді. Бүгін балалар павлодарлық тұңғыш кәсіби суретші Жәмкен Серікбаевтың өмірі мен шығармашылығымен танысты. Алдағы уақытта жоба ауқымы кеңейіп, тек мектеп оқушыларына емес, студенттерге де қолжетімді болмақ.
Сабина Жолдаспаева