Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22 ауыл жаңғыртудан өтуде. Бұл мақсатқа 9,6 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты қай саланы қамтиды? Тілші материалында.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауылдық аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. «Ауыл – Ел бесігі» және «Ауыл аманаты» сияқты маңызды жобалар ауылдағы ағайынға жаңа леп әкеліп, елді мекендердің келбеті өзгеріп, тұрғындардың өмір сапасы артуда. Бұл бастамалар тек инфрақұрылымды жақсартумен шектелмей, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік нысандарды дамыту және ауылдың әлеуетін арттыру бағытында нақты нәтижелер беріп отыр.

Дамир Төлеубаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары

Бес жылда жоба аясында 156 мыңнан астам халқы бар 103 ауыл жаңарды. Олардың қатарында тірек, серіктес және стратегиялық маңызы бар елді мекендер бар. Осы кезеңде 424 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Тек былтырдың өзінде жоба 15 ауылды қамтыды, 58 бастама жүзеге асырылды. Олардың ішінде спорт және мәдениет нысандары бар, олардың құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда.

Бүгінде 9 жоба аяқталды. 6 нысан жақында пайдалануға беріледі. 15-інде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ауылдарды жаңғырту бағдарламасы аясында 163 азамат екі қолға бір күрек алып, нәпақа тауып жүр.

Дамир Төлеубаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары

Биыл 28,5 мың халқы бар 22 ауылда жалпы сомасы 9,6 млрд теңгеге 45 жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар аясында, 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 бассейн, 2 мәдениет нысаны, 3 көшені жарықтандыру желісі салынып жатыр.Сонымен қатар, 15 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүргізілуде, ауыл ішілік көшелер жөнделуде. Жолдардың жалпы ұзындығы – 48,2 км. Бүгінгі таңда 9 жоба аяқталды, 6 жоба аяқталу сатысында, 31 жоба іске асырылу үстінде. Жобаларды іске асыру барысында жұмыс орындарын құру – негізгі шарттардың бірі. Бүгінгі күні жоспарланған 147 орынның орнына 163 жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы «Ауыл аманаты» жобасымен қоса іске асырылып келеді. Мемлекеттік қолдау шараларымен кешенді түрде 10 ауыл қамтылады. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 5,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, 24 жоба жүзеге асырылады.

Ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыру жолындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғасын табады.

Әйгерім Тоқпанқызы