Мемлекет басшысының Жарлығымен Павлодар қаласындағы №8 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Оксана Колдашева білім саласындағы зор еңбегі мен елімізге сіңірген ерекше қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Астанада өткен дәстүрлі тамыз конференциясының Пленарлық отырысында ол аймағымыздан осындай жоғары мемлекеттік марапатқа ие болған жалғыз педагог болды.

Химия пәні Оксана Колдашеваның мектеп кезіндегі сүйікті пәні. Бастапқыда ол бастауыш сынып мұғалімі болуды армандаған. Алайда химиямен алғаш таныстырған ұстазы Қарлығаш Мұқанқызы Ахметованың ықпалымен болашағы осы пәнмен байланысты болғанын айтады. Өзі оқыған мектепті бітіргеннен кейін педагогикалық университетті үздік аяқтап, дәл осы мектепке ұстаз болып оралды.

Оксана Колдашева, Павлодар қаласы №8 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері

Алғашқы мақсатым – балаларға білім беру, оларды жоғары оқу орнына түсуге дайындау болды. Қарапайым еңбектің нәтижесінде жетістікке жете бастадым. Соңғы сегіз жылда оқушыларым республикалық олимпиадаларда тұрақты түрде жүлделі орындар иеленіп жүр.

Үш жыл бұрын шәкірті Ринат Елеусізов халықаралық химия олимпиадасында күміс жүлдегер атанды. Содан соң алтын медаль жеңіп алған.

Оксана Колдашева, Павлодар қаласы №8 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері

Халықаралық деңгейде де табыстар бар. Мәселен, Якутияда Ринат Елеусізов, Анастасия Тимошенко және Тамерлан Балғабаев жүлдегер болды. Үш жыл бұрын Ринат Менделеев олимпиадасында қола, кейін алтын медаль алды. Келесі жылы – күміс пен қола жүлде. Ал биыл Ярослава Кравчук Менделеев олимпиадасынан қола, Якутияда алтын медаль жеңіп алды.

15 тамыз күні Астана қаласында өткен тамыз конференциясының Пленарлық отырысына Оксана Владимировна қатысқан еді. Оның айтуынша, марапатқа ие болу күтпеген жағдай болды.

Оксана Колдашева, Павлодар қаласы №8 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері

Бұл туралы бір күн бұрын ғана білдім. Таңғы сағат 7:45-те Тәуелсіздік сарайында болу керек еді. Қызымды ертіп, асығыс дайындалып бардық. Президенттің өзі марапаттайды дегенде алғашында сене алмадым. Біз 25 адам едік. Кейбірін пәндік олимпиадалардан білемін. Атмосфера ерекше әсерлі болды.

Оксана Колдашеваның айтуынша, бұл марапат – оның әріптестері, оқушылары мен ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Оксана Владимировнаның жұбайы да осы мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Оның шәкірттері мен балалары да, болашақтарын химиямен байланыстырған. Себебі бұл пәнге қатысты мамандықтар әрқашан сұранысқа ие.

Сабина Жолдаспаева