Павлодарда «Тартыл Fest» облыстық сайысы өтті. Биыл жарысқа қатысушылардың саны айтарлықтай артқан. Ертіс жағалауында ұйымдастырылған спорттық шара Спорт күніне орай дәстүрлі түрде өткізілді.
Бұл күні 60-қа жуық спортшы өз шеберлігін сынады. Бәсеке үш кезеңнен тұрды: 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 18–24 жас аралығындағы қатысушылар және 30 жастан асқан ер азаматтар жеке-жеке күш сынасты.
Жарыстың ең жас қатысушысы Ковтун Гарзей болды. Ол бала кезінен гимнастикамен айналысып келеді. Бұл жолы ата-анасының қолдауымен сайысқа қатысып, кермеде 13 рет тартылып, көрермендердің ықыласына бөленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Биылғы бәсекеде қатысушылар жеңіске жетіп, басты жүлде — велосипедті иелену үшін бар күш-жігерін салды.
Байтұрсын Жұмабай