Облыс аумағында «Мигрант» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Полиция қызметкерлері шетелдіктер уақытша тұрып жатқан мекенжайларды, құрылыс орындарын, базарлар мен шетелдік жұмыс күшін тартатын мекемелерді аралап, тексеру жүргізуде. Мақсат – елімізге келген азаматтардың көші-қон талаптарын сақтап, заңсыз еңбек қызметіне жол бермеу.
Шетел азаматтары көбі Қазақстанға заңды жолмен келеді. Алайда кейін олардың бір бөлігі көші-қон талаптарын бұзып жатады. Мұндай жағдайлардың орын алуына көбіне отандық жұмыс берушілердің өздері себеп болады. Олар шетелдік азаматтарды тиісті рұқсатсыз жұмысқа қабылдап, заң бұзуға жол береді. Мәселен операцияның алғашқы күнінде Екібастұзда полиция қызметкерлері алты нысанды оның ішінде үш зауыт пен бірнеше құрылыс алаңын тексеріп, жұмыс істеуге рұқсаты жоқ 22 шетел азаматын анықтады. Орын алған жағдай бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.
Әйгерім Тоқпанқызы