Би, театр өнері, хор мен қолөнер. Тереңкөл ауданына қарасты Песчан ауылында тұратын алпысқа жуық бала осы бағыттар бойынша аптасына бірнеше рет үйірмелерге барады. Осылайша шығармашылық қабілеттерін дамытып жүр.

Бүгін ауылдық мәдениет үйінде қолөнер сабағы өтті. Мұнда балалар тігіннің қыр-сырын үйреніп, алғашқы тігістерін жасап, матамен жұмыс істеуді меңгеріп жатыр. Бұл үйірмеге жеті бала қатысады.

Әсель Құлыбанова, Песчаное ауылдық мәдениет үйінің мәдениет ұйымдастырушысы

Балалардың үйірмелерге қатысуы өте маңызды. Бұл олардың жан-жақты дамуына септігін тигізеді. Мысалы, қолөнер ұсақ моториканы дамытады. Ал бұл – ойлау қабілетіне оң әсер етеді. Театр үйірмесі актерлік шеберлікті қалыптастырады, бала еркін сөйлеуді үйренеді. Би үйірмесі болса, физикалық дайындықты жақсартады. Ата-аналарды балаларын үйірмелерге жаздыруға шақырамыз. Ең бастысы – мәдениет үйіндегі барлық үйірмелер тегін.

Апта сайын он бала театр үйірмесіне барады. Тағы сегіз оқушы хор, ән айтуды үйренуде. Ең танымал бағыт – хореография. Би үйірмесіне ауылдың отызға жуық баласы барады. Қолөнерден бөлек, бұл пәндерді де Әсель Құлыбанова жүргізеді. Жақында тәрбиеленушілері шығармашылық байқауға қатысып, жүлделі орын алды.

Әсель Құлыбанова, Песчаное ауылдық мәдениет үйінің мәдениет ұйымдастырушысы

Кіші топтағы би ұжымы «Қарлығаш» балалар байқауында үшінші орынды иеленді. Жеткіншектер жеңіске жеткендеріне қатты қуанды, шабыттанып қайтты. Қазір ұжым жаңа маусымға қызу дайындалып жатыр.Байқауға ауданның түкпір-түкпірінен балалар қатысты. Биыл 63 нөмірмен 170 бала бақ сынады.

Балаларды үйірмеге жазу үшін ата-аналар Instagram немесе WhatsApp арқылы хабарласа алады, не болмаса мәдениет үйіне тікелей келуге болады.

Әйгерім Тоқпанқызы