Сіз балаңызды мектепке дайындадыңыз ба? Мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға қанша қаражат жұмсамақсыз? Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарды алаңдататын сұрақ. Осы ретте біз де дүкен аралап бағаларды саралап қайттық.
Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Ата-аналар балаларын алып, дүкен аралап жүр. Тамыз айында елдегі барлық ата аналарды бір ғана сұрақ мазалайды. Қандай киім аламыз, қайдан аламыз және балаларды киіндіруге қанша кетеді.
Бұл Павлодардағы ең арзан, қолжетімді деген дүкендердің бірі. Бұл жерде ақ жейделер 7 мың теңге, шалбарлар 7 мың теңге, аяқ киім 6 мың теңге, кроссовки 6 мың, спорт киімі 8 мың теңгеден басталады. Ал кеңсе тауарларына келсек, сөмкелер 7 мың, 12 беттік дәптер 23 теңге, қаламдар 100 теңгеден басталады. Әлбетте сапалы әрі бренд киім алғыңыз келсе баға еселене түспек. Одан бөлек, жақында ғана бір топ ата-ана мектеп формасын алып тастау бойынша петицияға қол жинаған еді. Павлодарлықтардың пікірі де екіге бөлінді.
Сонымен, ата аналардың ойынша биыл бір баланы мектепке дайындауға 100-150 мың теңге аралығында кетеді екен. Әлбетте егер балаңызға сапалы әрі қымбат киім алғыңыз келсе ірі дүкендер мен сауда үйлеріне барасыз, бірақ онда баға да еселене түседі. Әр ата-ана баласын қалтасына, шама шарқына қарай киіндіреді. Сондықтан таңдау өз еріктеріңізде.
Самал Қалиқызы