Павлодарлық дәрігерлер, эндокринологтар мен кардиологтар жақын арада облыстың ең шалғай ауылдарындағы науқастарға кеңес бере алады. Бұл қашықтан медициналық көмек көрсету жүйесін енгізу жобасының арқасында мүмкін болады. Жоба жыл соңына дейін енгізіледі деп жоспарланған.

Дәрігерлер бас қосып пилоттық жобаның қорытындысын шығарып, болашағын айқындады. «Емдеу» деп аталатын онлайн кеңес беру платформасы Павлодар және Аққулы аудандарында сынақтан өтті. Жаңа технологияның арқасында шалғай ауылдардың тұрғындары ұзақ жолға уақыт пен күш-қуатын ысырап етпей, білікті мамандардан кеңес ала алды.

Бір ғана Павлодар аудандық емханасында қазірдің өзінде 20 науқас қашықтан кеңес алып, эндокринолог, кардиолог және жалпы тәжірибелік дәрігердің қатысуымен 5 кеңес өткізілді. Сауалнама нәтижелері бойынша жаңа платформаның пайдаланушылары көрсетілетін қызмет сапасының жоғары деңгейін атап өтті.

Жаңа цифрлық шешім дәстүрлі дәрігерлердің қабылдауын алмастыруды мақсат етпейді. Оның міндеті – қолданыстағы жүйені толықтыру және оған ерекше мұқтаж адамдарға қолдау көрсету. Бұны іске асыру үшін әлібетте интернет барлық жерде қолжетімді болуы керек.

Халықтың интернетке қолжетімділігінен бөлек, цифрлық сауаттылығы да жобаны іске асыруда маңызды екендігі айтылды. Жаңа жобаны өңірде толықтай жүзеге асыру ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Жанасыл Серікбол