Баянауыл ауданында ақын Рахат Қосбармақтың «Баянауыл дейтін ел көрдім...» атты шығармашылық кеші өтті. Маңғыстау облысынан арнайы келген ақын Ақбеттау баурайында жырмен шашу шашты. Ақынның ел мен жердің тағдырын сөз еткен, сондай-ақ, Баянауыл табиғатын бейнелеген өлеңдер циклі де оқылды.
Баянауылға қаламгер қауым жиі ат басын бұрады. Айдын көлдері мен қарағайлы қыраттарына көз салып, жүрек тербейді. Ойға шомады. Бұл жолғы қонақтың жөні бөлек. Алыстан, ақтаулары мұнартып, ақ шағыл құмы күнге шағылған Маңғыстау облысынан.
Мереке Құлкенов, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы
Қадірлі қонаққа облыс әкімі Асайын Байханов құттықтау хатын жолдапты. Хат мәтінін аудан әкімінің орынбасары оқып берді. Ақын қонаққа, оның жарына Баянауыл жұртшылығы қазақы жолмен шапан жапты. Ақын болса жыр сүйер қауымның алдында өлеңдерін оқып, сыр ақтарды
Жыр кешінде баянауылдық өнерпаздар ақын сөзіне жазылған әндерді орындап, өлеңдерін оқыды. Әулиелі Маңғыстау мен қасиетті Баянауыл арасында бұрыннан мәдени, рухани байланысы терең. Бұл кеш сол дәстүрдің қайта жаңғырғаны деп түсінді көпшілік.
Рахат Қосбармақ, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері
Баянауыл мен Маңғыстау елінің арасында бұған дейін де ағаларымыз салған алтын көпір бар. Біз сол алтын көпірдің жалғастырушысы ғанамыз. Бұл қазақ елінің қай пұшпағы да қазақтың ақынына жат емес. Баянауылды алғаш көргеннен табиғатына, тарихына, тағдырына терең үкілгім келді. Бүгінгі кеш, кеште оқылған өлеңдер осы өлкеге деген махаббатымның жемісі.
Ақынға ат қосшы болып, облыс әкімінің орынбасары да келіпті. Алдағы уақытта да екі облыс, екі өңір арасында осындай жақындықты дамуға мүдделіміз деді ол.
Тілек Көшмағанбетов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары
Баянауылдың керемет табиғаты мен өзен-көлдерінің арқасында ол кісінің шабыты оянып, осы жерде көптеген өлеңдер шығарған. Соның бүгін осы жерге келіп тұсауын кестік. Оған арнайы келіп қатысып отырмыз. Қуаныштымыз. Бүгінгі шара жоғары деңгейде өтті. Екі өңірдің арасындағы мәдени жақындықтарымыз арта берсін.
Ән мен жырға, өрелі өнерге бай Баянауыл өлкесі осылайша кезекті жыр кешіне куә болып, ақын үніне құлақ қойды.
Жанасыл Серікбол