Павлодар облысында интернет-алаяқтық жағдайларының саны артып келеді. Биылғы жылдың тоғыз айында келтірілген шығын көлемі үш миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бір миллиард теңгеге көп.

Жыл басынан бері Павлодар облысында 1800-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға көп. Құқық қорғау органдарының алдын алу жұмыстарына қарамастан, мұндай қылмыстардың саны азаймай отыр. Сонымен қатар, алаяқтар өз әрекеттерін барған сайын күрделендіруде. Енді олар құрбандарына бір емес, бірнеше рет қоңырау шалып, түрлі мемлекеттік немесе қаржы ұйымдарының «ресми өкілі» ретінде таныстырады. .

Сүйіндік Қайырбаев, киберқылмыспен күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі

«Жуырда бір тұрғынға “Энергосбыттанбыз” деп қоңырау шалып, пломбаны ауыстыру қажет деді. Кейін “Банк өкілдері” болып хабарласып, сіздің атыңызға 8 миллион теңге көлемінде несие рәсімделді деп жалған құжаттар жіберген.»

Осыдан кейін жалған «банк қызметкері» жәбірленушіге ақшаны «алаяқтардан қорғау» үшін нақты несие рәсімдеп, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға кеңес береді. Шын мәнінде, бұл шоттың иесі — алаяқтардың өздері. Сөйтіп, ақша біржола жоғалады.

Бұл оқиғада облыс тұрғыны 8 миллион теңгесінен айырылған. Полицияның мәліметінше, биылғы тоғыз айда киберқылмыстардан келген жалпы шығын көлемі 3 миллиард теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 1 миллиард теңгеге артқан.

Сүйіндік Қайырбаев, киберқылмыспен күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі

«Павлодар облысындағы ең ірі залал – 90 миллион теңге. Бұл “инвестициялық алаяқтық” түрінде тіркелді. Азамат жарнамалық сілтемеге өтіп, ақша аударған. Бұл Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі бойынша қаралады.»

Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтық істерінің тек шамамен 20 пайызы ғана ашылады. Себебі ұрланған ақша көбіне шетелдік есепшоттарға жіберіледі, ал оларды қадағалап, кері қайтару өте қиын. Тергеу, негізінен, қаражат Қазақстан ішіндегі банктік карталарға аударылған жағдайларда ғана жүргізіледі.

Сүйіндік Қайырбаев, киберқылмыспен күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі

«Көп жағдайда мұндай істерге қазақстандық студенттер қатысады. Біз шетелде отырған негізгі ұйымдастырушыларды іздемейміз, өйткені олардың қолында біздің азаматтардың банктік карталары бар.»

Алаяқтар жастарға «онлайн табыс табу» туралы ұсынысты жиі жібереді. Қатысу шарты ретінде жаңа банктік карта ашу талап етіледі. Онда, сөздеріне сенсек, «пассивті табыс» ретінде пайыз түсіп тұрады. Шын мәнінде, бұл карталар ұрланған қаражатты аудару үшін пайдаланылады. Полицияның мәліметінше, мұндай схемалар тез анықталады, ал бұған қатысқан тұлғалар, яғни «дропперлер», үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Жанасыл Серікбол