Май ауданының орталығы Көктөбе ауылында үшінші аудандық ата-аналар форумы өтті. Аталған жиынға 200-ге жуық отбасының өкілдері қатысты. Олардың арасында өзге балаларды тәрбиелеп отырған қамқоршылар да бар.
Форумға балалар құқықтары жөніндегі мамандар мен педагогтар арнайы шақырылды. Іс-шара TEDx форматында өтіп, әрбір спикер өзекті тақырыптар бойынша ой бөлісті. Қатысушылар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, агрессия, инклюзивті білім беру және ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі туралы пікір алмасты.
Форум барысында «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» және «Инклюзивті білім беру аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамытудағы ата-аналардың рөлі» тақырыптары кеңінен талқыланды.
Руслан Еңсебаев, Май ауданы білім беру бөлімінің басшысы
Қазіргі уақытта аудан бойынша белгілі бір себептерге байланысты инклюзивті ерекше білімді қажет ететін балалар саны артып келе жатыр. Осыған байланысты Екібастұз қаласынан арнайы мамандарды да шақырдық. Форумнан кейінгі біздің негізгі мақсатымыз ата-ата бала мен мұғалімдер арасындағы үштікті жан-жақты дамыту болып табылады.
Шара аясында ата-аналарды психологиялық қолдау орталығының жұмысы таныстырылып, психологиялық тренингтер ұйымдастырылды. Мамандар ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты жеке және топтық кеңес берді.
Айгүл Сламбекова, жалтыр ЖОББ мектебінің педагог-психологы
Жалпы бүгінгі форум жоғары деңгейде өтіп жатыр.Мен өз тарапымнан психолог ретінде ата-аналарға тортық және жеке кеңес берудемін. Жалпы осындай форумдар жылдан жылға өтетін болса ата-ана мен бала арасында тығыз қарым-қатынас болу шеді деп ойлаймын.
Сонымен қатар, «Ұлттық STYLE» жобасы аясында «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі», және «Әкелер мектебі» мүшелерінің қатысуымен шығармашылық шеберлік сағаттары өткізілді. «Отбасымның құнды жәдігері» тақырыбындағы көрме көрермен назарына ұсынылды.
Бибігүл Қабдулина, А. Иманов атындағы ЖОББ мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі
Бұл жобада сәуір айына дейін тақырыптар берілген .Осы қазан айында ұлттық акснсуарлар жасап интернетке жүтеп, сайтта қаралып бағаланады. Ең үздік аксесуарға сыйақы беріледі.Облыс басқармасынан марапаттар қарастырылған.
Отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауында аудан намысын абыроймен қорғаған Оспановтар әулетіне арнайы сыйлық пен алғыс хат табысталды. Ата-аналар форумының басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыру және ата-ана мен мектеп арасындағы өзара байланысты нығайту болып табылады.
Дильназ Қуанышбекқызы