Павлодарда республика көлемінде ұйымдастырылған «Халық заңгері» атты әлеуметтік акция өтті. Бұл бастама еліміздің барлық аймақтарында бір мезетте ұйымдастырылды. Акцияның мақсаты халыққа тегін құқықтық көмек көрсетіп, заң саласындағы сауаттылықты арттыру.
Шаһарымызда акция «Достық үйінде» өтті. Мұнда тұрғындар жеке қабылдауға жазылып, өз өтініштері мен ұсыныстарын жеткізе алды. Келушілер үшін бұл кәсіби заңгерлермен бетпе-бет сөйлесіп, тегін көмек алу мүмкіндігі болды.
Малика Абнасырова, Павлодар облыстық прокуратурасының кадрлық жұмыс тобының басшысы
Іс-шараның ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Әділет министрлігі, мемлекеттік билік органдары, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы, үздік заңгерлер. Дәстүрге айналған жобаны барлығы асыға күтіп, басталған сәттен-ақ қажеттілігін көрсете білді. 2016–2025 жылдар аралығында акцияға 10 000-нан астам үздік сарапшылар мен өкілдер қатысып, құқықтық көмекке жүгінген 400 000-нан астам адам кеңес ала алды. Бүгінгі іс-шарада қарастырылған барлық өтініштер бақылауға алынады. Сондай-ақ, арнайы бланкотор дайындалған, бұнда қажетті бақылау ақпараттары, бізбен байланысқа шығатын телефондар көрсетілген.
«Халық заңгері» акциясы жыл сайын өтеді. Қабылдауды құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттар, нотариустар және сот орындаушылары жүргізді. Олар азаматтарға тұрғын үй, еңбек, әлеуметтік, отбасы және басқа да құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді.
Асқар Серғазинов, Павлодар облысы әділет департаментінің бөлім басшысы
Атап өтсек, көбінесе халықтың қызықтыратын сұрақтары бұл жер қатынастары бөлімі сұрақтар, сосын коммуналды, алимент өндіру, қарыз өндіру бойынша сұрақтар. Біздің акциямыздың мақсаты халыққа құқықтық түсіндіру және құқықтық көмек көрсету болып табылады.
Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей сала мамандарына қойып, нақты жауап алды. Бірі салық төлеу тәртібін нақтылап алса, енді бірі құжат рәсімдеу жөнінде кеңес алды.
Бақыт Ибраева , Павлодар қаласының тұрғыны
28 тамызда анам пәтер сатты. Содан кейін бізге нотариус сделка болғанда түсіндіріп айтты, үй сатылады содан кейін салық төлеу керек 10 пайызын деді. Сол кезде уақытым болмаған еді. Кеше осы акция өтеді дегенді естідім. Салық басқармасының басшысымен жолықтым, 3 минут ішінде сұрағымды шешіп берді. Үлкен рахмет. Бәрін қағаз жүзінде жазып берді. Бәрін ұқтым. Қазір сол мәселені шешемін.
Бұл акция халықтың құқықтық сауатын арттырып, билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтты. «Халық заңгері» жобасы тұрғындар үшін нақты көмек көрсетудің тиімді тетігіне айналды.
Сабина Жолдаспаева