Павлодарда журналист, өлкетанушы, өнер зерттеушісі Айтжан Бәделханұлының 95 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Шараға мәдениет саласының өкілдері және жас өнерпаздар қатысты. Кеш Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музейінде ұйымдастырылды.

Айтжан Бәделханұлы – өңірдің рухани шежіресін жазған тұлға. Ол туған жерінің тарихын, өнерін, салт-дәстүрін зерттеп, халық мұрасын кеңінен насихаттады. Естай мен Майра шығармашылығын терең зерделеп, олардың өнерін жаңа қырынан танытқан жан.

Асан Әбдікәрімұлы, Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің әртісі

Еңбегі сіңген адамдарды халыққа танымал ету осы өнер адамдарының міндеті деп есептейміз. Сол шара ойдағыдай өтті. Әркім өзінің білгенінше Айтжан ағамыз туралы деректерді айтып өтті. Өзім де бір-екі ауыз сөз айттым. Өйткені 2001 жылдары 6 айдай мен Айтжан ағамен қызметтес болдым. Бұқар Жырау музейінде, өнер бөлімінде. Онда сол кісімен бірге отырып жұмыс жасадық. Ол кісіден мен көп нәрсе үйрендім, көп мағлұматтар алдым. Осы Павлодар өңіріндегі өнер адамдарының өмірімен танысу Айтжан ағамыздың арқасында. Ол кісі мені осы өнерге келгеніме, музейге келгеніме қуанған. Себебі біздің насихаттаушыларымыздың көбейгені деп есептеді.

Кітапқа құмар, өнерге жақын тұлға адам тағдыры мен халық мұрасын тыңдап, түсіне білген. Ол халық рухын, туған жердің болмысын шығармаларында терең көрсете білді. Оқушылар мен студенттер Майра мен Естайдың әндерін орындап, құрмет көрсетті.

Кеш барысында қаламгердің еңбектері, өмір жолы және өлкеге сіңірген қызметі туралы естеліктер айтылды. Оның зерттеулері – тек дерек емес, жүрекпен жазылған тарих екені аталды.

Сабина Жолдаспаева