Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласында іссапармен болып, шаһар жұртшылығымен тұрақты кездесу өткізді. Қалада биыл атқарылған жұмыстарды баяндап, келер жылдың жоспарларымен бөлісті. Тұрғындар толғандырған сұрақтарын қоюға да мүмкіндік алды.
Облыс әкімі Ақсу қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарына баса мән беріліп жатқандығын айтты. Осы мақсатта биыл 3 млрд теңге бөлініп, 4 шақырымнан астам желі жөнделген.
Өнеркәсібі дамыған, тіршілік етуге қолайлы қаланың алдағы жылға жоспары көп. Келер жылдың бюджеті 20 млрд теңгеден асады деп көзделіп отыр. Бұл қаржыға жоғарыда айтылған инженерлік инфрақұрылым жөнге келтіріліп, бірқатар нысандар салынады. Мәселен, жаңа қазандық 2026 жылы тамы айында іске қосылады. Абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұған дейін Павлодар, Екібастұз қалаларына қалай назар аударылса, енді Ақсу қаласына инвестиция молынан тартылады деді Асайын Байханов. Қазірдің өзінде екі ірі инвестициялық жоба іске асырылуда, онда 800-ден астам жұмыс орны құрылады. Біріншісі жоғары таза марганец сульфаты мен аккумуляторлық сортты электролиттік марганецтің шикізатын терең өңдеу жобасы. Екінші жоба Қалқаман ауылдық округінде іске асатын қуаттылығы жылына 30 мың тонна шикізат өндіретін май зауытының құрылысы.
Бұған дейін көп көңіл бөлінбей, мимырт тірлік кешкен шаһарда бірқатар мәселер бар. Оның көбі абаттандыру, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық жай-күйі сияқты мәселер. Кездесу барысында тұрғындар да солардың бірқатарына тоқталды. Халықтың рухани-мәдени дамуы жолындағы мәселер де көтерілді.
Кездесу барысында өзге де көптеген сұрақтар қойылып, назарға алынды. Алдағы ауқымды жұмыстарды шаһардың тұрғындары мен азаматтық қоғам өкілдері, мәслихат депутаттар мен мемлекеттік мекемелер бірлесе отырып сапалы атқару керек деді аймақ басшысы.