Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, сахна шежіресіне айналған актриса Гүлжанат Мұқабылқызы Омарованың 60 жылдық мерейтойына орай театр сахнасында «Кездесу мен қоштасу» атты психологиялық драма көрермен назарына ұсынылды. Бұл кеш – өнерге адалдықтың, сахнаға деген шынайы махаббаттың жарқын көрінісіне айналды.

Көрермен жүрегіне жол тапқан сан алуан бейнелері арқылы Гүлжанат Омарова актерлік шеберліктің биік үлгісін көрсете білді. Нәзік болмысымен, терең жан дүниесімен талай жанға рухани күш сыйлаған өнер иесінің шығармашылық жолына арналған бұл мерейтойлық кеш – жаңа белеске бастар тағдырлы сәт.

Бахаргүл Құрбанова, ҚР мәдениет қайраткері

Менің есімде қалғаны сол сахнада күшік күйеу деген спектакльде, содан кейіе Силва, Торайғыровтың 100 жылдығында, Көкшетауда Акан серінің 100 жылдығында қойылымда бірге болдық. Міне сөйтіп сахнада 35 жыл болды. Ананы да, қызды да ойнады. Бүгінгі рөлі де ерекше. Қазіргі таңда жолдасы екеуі болашақ актерлерді дайындап жатыр. Еңбегі өте зор.

Жастайынан өнер мен сұлулықты өмірлік серік еткен актриса кейінгі буынға кәсіби шеберлігімен ғана емес, адамгершілік болмысымен де үлгі бола білді. Гүлжанат Омарова – тек сахна шебері емес, ұлттық театр өнерінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты тұлға.

Мерейтой иесінің құрметіне сахналанған «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы – адам тағдыры, отбасы құндылығы мен махаббат жолындағы күресті тереңнен толғайтын қойылым. Спектакльде өмірдің қуанышы мен қиындығы, адам жанындағы ішкі тартыс пен үміт арпалысы шынайы суреттеліп, көрермен көңілінен шықты.

Өнерге адалдық пен сахнаға деген шексіз сүйіспеншіліктің символына айналған бұл кеш – көрермен үшін де, мерейтой иесі үшін де жүректе ұзақ сақталатын рухани мереке болды. Театр төрінде өткен тағылымды кеш бір адамның ғұмыр жолын ғана емес, тұтас бір дәуірдің өнерге деген құрметін айшықтап берді.

Дильназ Қуанышбекқызы