Ауылдардың өртке қарсы қауіпсіздігін нығайту мақсатында Орловка ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Ол керекті техникамен, киім кешекпен қамтылған.

Орловка ауылындағы өрт сөндіру бекеті Шарбақты ауданының жергілікті атқарушы органдары, "Победа" ЖШС қолдауымен ашылды. Енді өрт кезінде көмек шұғыл көрсетіледі, дейді тұрғындар. Себебі өрт кезінде әр секунд, минут маңызды.

Наталья Козлова, ауыл тұрғыны

Бүгін біздің ауыл үшін қуанышты жағдай. Жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып жатыр. Өрт деген тілсіз жау. Оның қалай күшейіп кететіні белгісіз. Сондықтан өрт сөндірушілердің жақын жерде болғаны дұрыс. Өрт те тез уақытта сөндіріледі деген сөз. Осы жұмысты қолға алған барлық азаматтарға алғыс айтамыз.

Пункт алғашқы өрт сөндіру құралдарымен, байланыс құралдарымен, техникалық жабдықтармен және өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдер жиынтығымен жабдықталған. Бекет "Газель Валдай" өрт сөндіру автомашинасымен қамтамасыз етілді. Бұл бастапқы кезеңде өртті тиімді жоюға мүмкіндік береді.

Владимир Поляков, «Победа» ЖШС басшысы

Осындай бекеттер менің ойымша әр ауылдық округте болуы қажет. Тұрғындар да кез келген уақытта оларды өрттен құтқаратын өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың барын біледі. Соларға сенеді. Қандай да бір жағдайда облысқа, ауданға хабарласып, көлікті күткенше уақыт өтеді. Ал, жақын жерден кез келген уақытта келіп көмек береді.

Ал, "Победа" ЖШС ЗИЛ-131 өрт сөндіру техникасын, соқасы бар "Беларусь" тракторын және техника үшін жылы тұрақ ұсынды. Айта кетейік, бекет Красиловка ауылына да қызмет көрсететін болады. Қазір Павлодар облысында 78 өртке қарсы пункт жұмыс істейді.

Самал Қалиқызы