2026 жыл елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында еліміздің алдағы жылдары толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы үшін атқарылуы тиіс негізгі қадамдарды атап өтті. Бұл бастаманың маңыздылығына павлодарлық сарапшы өз бағасын берді. Оның айтуынша, цифровизация өркениеттің жаңа кезеңі. Ал, еліміз оған лайықты түрде ілесіп, өз жолын таба білуі тиіс.
Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру – бұл жай ғана даму емес, елдің бәсекеге қабілетті болып қалуының маңызды шарты. Мемлекет басшысы бүгінгі таңда әлемде жетекші технологиялық мемлекеттер мен ірі IT-корпорациялар арасында қатаң бәсеке жүріп жатқанын атап өтті.
Майра Қожамжарова,философия ғылымдарының кандидаты
Президент Қазақстанға жасанды интеллект бағыты бойынша дамудың қажет екенін нақты айтты. 2026 жыл жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Бұл бағытта еліміз қазірдің өзінде бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Алатау Сити қаласы салынып жатыр. Қуатты екі суперкомпьютер іске қосылды. Сонымен қатар Президент бұл үдеріс
энергияға деген сұранысты арттыратынын атап өтті. Осыған байланысты атом электр станциясын салу қажеттігін де негіздеді. Өйткені технология дамыған сайын жаңа энергия көздеріне мұқтаждық арта береді.
Сұхбат барысында экономикаға қатысты өзге де маңызды мәселелер қозғалды. Құрылымдық өзгерістер, инвестициялық ахуалды жақсарту және тұрақты даму бағыттары талқыланды. Бұл бастамалар халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп, елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болады.
Майра Қожамжарова, философия ғылымдарының кандидаты
Бұл жай ғана сұхбат емес, болашақ Қазақстанға арналған бағдарламалық құжат деуге болады. Мұнда Президент тек 2025 жылдың қорытындысын шығарып қана қоймай, еліміз үшін өзекті мәселелерді көтерді. Әсіресе экономика саласындағы реформалардың маңызын атап өтті. Энергетика, коммуналдық инфрақұрылым және салық жүйесіндегі өзгерістер қажеттігін айтты. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» идеясын кең мағынада түсіндірді. Бұл тек экология мәселесі емес. Бұл – еңбекқорлық, өзара сыйластық пен адалдық сияқты құндылықтарға негізделген қоғам құру. Президент жастарға ерекше көңіл бөлді. Ол жастарды елдің болашағы деп атап, олардың Қазақстанды алға бастай алатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы елді жаңғырту үдерісі қайтымсыз сипатқа ие болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл өзгерістер қоғамның болмысы мен келбетін түбегейлі өзгертуі қажет.
Сабина Жолдаспаева