Өңірде есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою жұмыстары жалғасуда. Былтыр жедел-іздестіру және алдын алу шараларының нәтижесінде ірі көлемдегі тыйым салынған заттар айналымнан шығарылды. 241 қылмыстың беті ашылды.

Оның 133-і – тікелей есірткі қылмыстары. 116 дерек сату, 7 жағдай аса ірі мөлшерде сақтауға қатысты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымға шамамен 455 килограмм есірткінің түсуіне жол берілмеді. Сонымен қатар, интернет арқылы есірткі таратудың алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар атқарылды. «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы есірткі жарнамасы бар материалдар бұғатталып, «Антифрод» жүйесіне 1023 банк картасы енгізілді. Мессенджерлерде есірткі алуға қатысты 126 санкцияланған қаулы жолданып, криптоәмияндар бойынша 50 сұрау салынды. Былтыр есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 72 адам ұсталды. Олардың 66-на қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сондай-ақ, 4 кәмелетке толмаған жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жедел қызметкерлер 12 есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. 3 интернет-есірткі дүкенінің қызметін тоқтатты. Қазір есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары жалғасуда. Жаңа технологиялар енгізіліп, алдын алу шараларына еріктілер тартылды. Олар тұрғындарға есірткінің қауіптілігі, оның денсаулыққа зияны және заңсыз айналымға қатысқаны үшін жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Сабина Жолдаспаева