Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары келді. Бұл жөніндегі облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Халық қалауларымен облыс әкімі Асайын Байханов кездесті. Тілші әңгімесінде.

Жүздесуде әуелі өңір басшысы былтыр орындалған мемлекеттік бағдарламалар жөнінде айтты. Біздің аймақ барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша тұрақты дамып келеді. Аатап айтар болсақ, 1,2 трлн теңге инвестиция құйылды. Бұл арқылы 30 мың адам екі қолға бір күрек тауып, жұмысқа орналасты. Шаруалар 1 млн тоннадан астам картоп жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Сондай-ақ ауылдағы ағайын тіршілік нәрі таза ауыз сумен 100 пайыз қамтылды. 430 шақырым жол жөнделді. Бұған қоса, білім саласында ілгерлеу бар. 2 жаңа мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бүгін онда 1800 шәкір білім алып жүр. Бұден бөлек 67 әлеуметтік нысан жаңартылып, жөнделді. Баянауылда «BAYANAUL ARENA» спорт кешені бой көтерді. Бұның бәрі жүйелі жұмыс пен мемлекеттік қолдаудың септігі деді облыс әкімі. Кейін биыл облыста орындалатын даму жоспарымен бөлісті. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында жалпы инвестиция көлемі 450 млрд теңгеге жуық 20-дан астам ірі инвестициялық жобаны іске қосуға, сондай-ақ 32 әлеуметтік нысанды салу мен жаңғыртуға дайын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл 5 ірі әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы басталады. Оның қатарында ірі спорт кешені, сондай-ақ 20 000 орындық жаңа футбол стадионы салынады. Ал 2028 жылдан Павлодар облысы толық өзін-өзі қаржыландырады. Кездесу соңында Асайын Байханов депутаттарға өңірдің бірқатар басым жобаларын республикалық бюджет деңгейінде қаржыландыруға қолдау көрсету туралы өтініш білдірді. Атап айтар болсақ, жылумен жабдықтау саласында 16 млрд теңгеге 13 жоба қолдау тапты, алайда қосымша тағы 6 жобаға 6,1 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет: оның ішінде 4 жоба Екібастұзда, 2 жоба Ақсуда. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында Павлодар қалалық №1 аурухананың ( «Б» блогы) ғимаратын қайта жаңғыртуға 6,3 млрд теңге бөлу қажеттілігі атап өтілді. - Аталған жобалардың барлығы тұрғындарымыз үшін аса маңызды әрі қажет. Осыған байланысты депутаттардың қолдауы біз үшін айрықша маңызды, - деді Асайын Байханов.

Әйгерім Тоқпанқызы