Күн сайын Павлодар қаласының көшелерін қардан тазалауға шамамен 250 жұмысшы және 300 бірлік арнайы техника жұмылдырылады.
Қар мол жауса, коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, тәулік бойы қызмет атқарады. Маусым басталғалы бері шамамен 180 мың тонна қар сыртқа шығарылыпты.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, алдымен көлік қозғалысы қарқынды жолдар тазаланады. Сосын тротуарлар, әлеуметтік нысандардың кіреберіс жолдары, тұрғын үйлердің аулаларына кіретін жолдар аршылады. Коммуналшылар тек қарды жинап қанай қоймай, көктайғаққа қарсы материал себеді. Автобус және трамвай аялдамаларындағы отырғызу алаңдары, жаяу жүргіншілер жолы мұздан және тапталған қардан тазартылады.
Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы
Аулаларды тазартуға 100 бірлік техника жұмылдырылуда. Көктайғаққа қарсы 30 мың тонна материал дайындалды. Аулаларды қардан аршу бойынша 109 қызметіне немесе Павлодар қаласының әкімдігіне өтінім түсіруге болады.
Тротуарларды тазалау жұмыстарына 18 бірлік техника тартылған. Оның сегізі 8 құм сепкіш, 10-ы тротуарлық щетка. Ішкі квартал аумақтарын тазалауға 23 бірлік техника жұмылдырылған. Тұрғын үйлерден радиусы 5 метр аумақты тазалау қызмет көрсетуші ұйымдардың міндетіне жатады, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік нысандар да іргелес аумақты тиісті жағдайда ұстауы тиіс.