Абай атындағы мектеп гимназиясында ҚазақКСР нің еңбек сіңірген ұстазы Рәзия Молдабекованың 100 жылдығына орай қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің форумы өтті. Рәзия Асқарқызы саналы ғұмырын ұстаздық жолға, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің даму жолына арнады.

Форумға ұстаздың балалары, шәкірттері, көзін көрген әріптестері жиналды. Баршасы ардақты ұстаздың үлгілі жолын, ерен еңбегін сөз етті. Білім беру басқармасынан да өкілдер келіп осынау ұлағатты шараның қадамына сәттілік тіледі.

Гүлмира Баширова, Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары

Осы форумда ұсынылатын идеялар мен тәжірибелер пәнді оқыту сапасын арттыруға нақты серпін береді деп сенемін. Ұлағатты ұстаз Рәзия Асқарқызының білім мен ғылым жолындағы өнегелі мұрасы сіздердің кәсіби қызметтеріңізге әрдайым бағыт-бағдар болсын! Баршаңызға шығармашылық табыс, толайым жетістік, форум жұмысына сәттілік тілеймін!

Рәзия Молдабекова ауыр кезеңде дүниеге келсе де бәрін жеңе білген қайсар жан еді деп еске алды. Студенттік шағы соғыс кезіне тұспа-тұс келді. Сол бір майдан кезінде Алматыға оқуға түсіп, Қазақ педагогикалық институтын тәмамдады.

Еңлік Жұматаева, педагогика ғылымдарының докторы

КазПИ ден оқып шыққан адамдардың біразы өзінің қызметін сүйетін, адал іс көрсетті. Соның бірегейі Рәзия Асқарқызы. Рәзия Асқарқызы біздің қазақ әйелдерінің ішіндегі ең озығы деп айтуымызға болады. Ол кісінің табиғаты, болмысы, үлгі-өнеге беретін болмыс болды. Мен бұны айтуға міндеттімін.

Алдымен Ақтоғай ауданында, сосын қазіргі Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық колледжде еңбек еткен Рәзия Асқарқызы қазіргі Абай атындағы мектеп гимназиясында ұзақ жыл табанды еңбек етті. Осы білім ордасында табан аудармай 27 жыл ұстаздық етті. Көптеген ұлағатты шәкірттерді тәрбиеледі.

Светлана Кобдикова, Рәзия Молдабекованың шәкірті

Бізге Рәзия Асқаровна 8-класстан бастап 10-классқа дейін қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Рәзия апамыз бізге қазақ тілінің көркемдігін, қалай сөйлеу керектігін түсіндірді. Қазақ тілінде суатты жазуды үйретті. Сонымен бірге ол кісінің жүріс-тұрысы, сөйлеу ерекшелігі, киім киюі де бізге үлгі болды. Сол кісіге ұқсағымыз келетін, үйренгіміз келетін.

Форум аясында алдымен Рәзия Асқарқызының еңбегі мен адами қыры айтылды. Артынша білім ордасында бас қосқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері пәнді оқытудың заманауи әдістері жөнінде ой-пікірі алмасқан семинарға ұласты.