Жол апаты көбейіп, жазатайым оқиғалар молайса да жол жүру ережелерін ескермейтін жүргізушілер көп. Мәселен, 2025 жылы Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерінің шамамен 300 мың бұзушылығының жолы кесілді. Темір тұлпарды мас күйінде пайдаланған 1573 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері бұл тұрғыда бірқатар шаралар қабылдауда.

Жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтаудың автоматтандырылған жүйелері — стационарлық жылдамдық өлшегіштер АПК «Оракул», «Кибер-Шериф», «ZEREK-2» арқылы 134 мыңнан астам ұйғарым тіркелді. Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 1573 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 1424-і сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Жол-техникалық инспекция қызметкерлері жалпы пайдаланымдағы автожолдарда 1650 тексеру жүргізіп, 30025 км жолды қамтыды. Нәтижесінде 4010 ақау анықталды. Автожолдарды қанағаттанарлықсыз күтіп-ұстағаны және жолдарда жұмыс жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін 395 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, 15 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бүгінде Павлодар облысы Полиция департаменті халыққа 34 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Өткен жылы әкімшілік полиция желісі бойынша 154 839 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 153 211 азамат жүгінді. Оның ішінде жүргізуші куәлігін беру — 20 365,көлік құралдарын сәйкестендіру нөмірі бойынша мемлекеттік тіркеу және есепке алу — 130 306, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің телнұсқасын беру — 2 540.

Самал Қалиқызы