15-қаңтар Павлодар облысының туған күні. Облыс ретінде 88 жылдан бері даму үстінде. Өнеркәсібі дамыған, қазақ мәдениеті мен ғылымының ірі тұлғаларының кіндік қаны тамған өңір.

Ертіс бойын жағалап шығысында Құлынды жазығы мен Семей орманы, батысында Баян таулары мен Шідерті алқабына дейін созылып жатқан облыстың тарихы ғасырлар қойнауында. Облыс ретінде құрылуы кеңестік кезеңге сәйкес келіп, еліміздің өркендеген өңірі ретінде дамуда. Өнеркәсіп кешені дамыған, ауыл шаруашылығы озық облыс еңбеккер жандарымен, өнерпаз тұлғаларымен, ғылым жолындағы қайраткерлерімен танымал. Облыста 800 мыңнан астам халық тұрады. Қазақ халқымен бірге түрлі этнос өкілдері тату тіршілік құруда. Екібастұз, Ақсу сияқты моноқалалар да елімізге белгілі энергетикалық және ірі өнеркәсіп орталықтары. Экономикасы жыл санап өсіп, түрленіп келе жатқан облыс инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің де қатарында. Өткен жылы 1,3 трлн теңге қаржы тартылып, еліміз бойынша екінші орынға тұрақтады. Соңғы жылдары облыста әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жаңсарту жолында ірі жобалар жасалуда. Білім беру саласына да баса көңіл бөлініп, жаңа мектептер мен балабақшалар көптеп салынуда. Өзге де әлеуметтік нысандардың да құрылыс қарқыны жоғары.