Павлодарда 67 жастағы әйел алаяқтардың арбауына түсіп, 36 млн теңгені аударып жіберген. Жалған хабарламадан басталған арбау құрбанның пәтерін сатып, депозиттегі ақшасын шешуіне дейін жеткен.
2025 жылдың шілде айында 67 жастағы павлодарлық әйелдің телефонына «Сізге алаяқтық әрекеттер жасалуда» деген хабарлама келген. Кейін оған бір қыз қоңырау шалып, үйін тез арада сатуы, банктағы ақшасын шешіп, оны қауіпсіз есепшотқа аудару қажеттігін хабарлайды. Одан кейін әйелге несие рәсімдеу қажеттігі айтылады. Әйел алаяқтардың нұсқауларын қатаң орындап, үйін сатып, депозиттегі барлық ақшасын шешіп, несие рәсімдеген. Осылайша 36 млн теңгеден астам соманы аударған. Полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде.
Полиция интернет алаяқтардың құрбаны болмау үшін: әлеуметтік желілердегі күмәнді мәмілелерге қатыспауға, мүлікті сатып алу немесе сату кезінде алдын ала төлем жасамауға, белгісіз адамдарға анонимді төлем жүйелері арқылы ақша аудармауға кеңес береді.