Медициналық жоғары колледжінде жыл сайын қыздар арасында спорттық жарыс өтеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Сайыс барысы туралы – тілші материалында.
Спорттық шараның негізгі мақсаты – студенттердің спортқа деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, жарыс барысында оқу орындарының білім алушылары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ұйымшылдықты арттыру көзделді.
Николай Сидоров, Павлодар медициналық жоғары колледжінің дене шынықтыру нұсқаушысы
«Бұл сайыс облысымызда дәстүрге айналған. Ал біз бастамашылары болдық. «Қыздар сайысы» деп аталатын спорттық жарыс көктем мерекелері 8 наурыз бен Наурыз мейрамына орай өткізілуде.» «Шара эмоцияға толы өтіп жатыр. Зал қатысушылар мен жанкүйерлерге лық толы. Қазір кейбіреулер « жастар әлсіз, ештеңеге қызықпайды» деп айтып жатады, бірақ мен керісінше ойлаймын. Бүгін оны өзіміз көріп отырмыз. Нәтижелер бойынша жеңімпаздар анықталады, ал қазір жарыс өте жоғары деңгейде өтуде.»
Спорттық бәсекеге Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледжі, Бейсен Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық жоғары колледжі, Ақпараттық технологиялар колледжі және Павлодар медициналық жоғары колледжінің командалары қатысты. Олар эстафеталық жарыстар, гір тасын көтеру, арқан тарту, ұлттық ойындар сияқты түрлі кезеңде сынға түсті.
Додада жеңіске жету үшін қыздар бар күш-жігерін салды. Олар тартысты ойын көрсетіп, жарыс барысында төзімділік, ептілік, күш-қайрат пен командалық бірлікті көрсетті.
Аида Уалиханова, Павлодар медициналық жоғары колледжінің 1-курс студенті
«Өте көңілді өтті, өте керемет сезім алдық. Әсіресе, өзім спорт жағын жақсы көрем. Сондықтан қатысуға құштар болғандықтан, қатысып көргем, өте ұнады. Біздің командада 10 адам. Бұл сайыста барлық бағытта өзімізді сынап көрдік. Қарсыластар да жақсы ойыншылар екен. Жарыс тек жеңіс емес, жеңілістен де тұрады. Біреу жеңеді, біреу жеңіледі.»
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ерекше тартысқа толы болды. Қатысушылардың белсенділігі мен жеңіске ынтасы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жұлдыз Қабылденова