Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі – белсенді әрі талапты жастарды мемлекеттік қызмет саласына дайындайтын жоба. Ол қатысушыларға мемлекеттік басқару жүйесінің қыр-сырын меңгеруге және кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Бүгін бір топ студент оқуды сәтті аяқтады.
Мемлекеттік қызмет зор жауапкершілікті талап етеді. Бұл салада еңбек ететін жандар кәсіби дағдыларымен ғана емес, халықпен жұмыс істей білу қабілетімен де ерекшеленуі тиіс. Осы тұста Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жастарды осы қызмет саласына қажетті дағдыларға үйретіп, білікті маман дайындауды көздейді.
Айжан Мұхамеджанова, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің бас маманы
«Оқу барысында мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары, негізгі міндеттері, сонымен қатар қызметкерлердің жауапкершілігі және этикалық стандарттары туралы терең білім алды. Сонымен қатар талдау жасау, құжаттарды дайындау және өз жобаларын әзірлеу сияқты дағдыларды меңгерді. Әр студент өз инициативаларын көрсетуге, өз идеяларын ұсынуға және білікті мамандардан практикалық кеңестер алуға мүмкіндік алды»
Оқу барысында қатысушылар мемлекеттік басқару жүйесін тереңірек түсініп, тек теориямен шектелмей, тәжірибе арқылы білімін нығайтады. Бұл өз кезегінде жауапты әрі кәсіби мамандардың қалыптасуына ықпал етеді.
Аружан Құмар, жоба қатысушысы
«Мен мұнда заңнамалар, мемлекеттік аппараттың қалай жұмыс жасайтынын және де мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптардың қандай екенін түсіндім. Және де «Е-қызмет» платформасы арқылы құжаттарды онлайн түрде тапсыруға болатынын толығырақ түсіндім. Менің ойымша, бұл жоба – жастарға жақсы мүмкіндіктердің бірі. Өйткені мұнда өз кәсіби деңгейіңді жетілдіруге болады, тәжерибе алуға болады және осы салаға саналы түрде баруға көмектеседі»
Оқу бағдарламасы 40 сағатқа созылды. Жоба аясында барлығы 24 студент білім алып, курсты сәтті аяқтады. Қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Келесі кезеңде олар мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтеді және тест тапсырады. Өз білімін дәлелдеген түлектер таланттар пулына енгізіледі және олардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіледі.
Жұлдыз Қабылденова