ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен өңірге келді. Елордалық мейман энергетика, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралады. Тілші әңгімесінде.

Бірінші вице-премьер алдымен Екібастұздағы жылыту маусымының өту барысымен танысты. Облыс әкімі Асайын Байханов, жылу желілерін жаңғырту нәтижесінде жылыту маусымы тұрақты өтіп жатқанын жеткізді. Бұдан кейін Роман Скляр жылу беру орталығына барды.

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары

– Үш қазандық резервте, біреуі жөндеуде ме? Алтауы жұмыс істеп тұр. Қуат қоры жеткілікті. Жылу желілері қалай?

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Үкіметтің қолдауының арқасында тозығы жеткен 2-жм және 7 мж қайта жаңғыртылды. Республикалық бюджеттен 6,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 4,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар барлық желілерде гидравликалық сынақтар жүргізіліп, 19 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Бұған жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге қаражат жұмсалды. Биыл 5, 10, 11 және 16-магистральдар бойынша жалпы ұзындығы 4,2 шақырымды құрайтын желілерді жаңартуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде «Инвестицияға айырбасталған тариф» бағдарламасы аясында.

Негізгі жабдықтарды жөндеу үшін кешенді бағдарлама орындалған екен. Бұл жөнінде «Energy Solution Center» ЖШС бас директоры Айдарбек Қыстаубаев айтты.

Айдарбек Қыстаубаев, «Energy Solution Center» ЖШС бас директоры

2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жабдықтардың тозу деңгейі 47 пайызға төмендеді. Қазіргі таңда №5 қазандық негізгі, ал 8 және 13-қазандықтарда күрделі жөндеу жүргізілуде. Турбина толық жаңартылды.

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары

Бұл босаңсуға себеп емес. Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілуі тиіс. Персонал да жауапкершілік танытып, төтенше жағдайларға жол бермеуі керек.

Бұдан кейін, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Railways Systems KZ» холдингінің өндіріс алаңында болды. Жалпы инвестиция көлемі 750 млрд теңгені құрайды. Мұнда жылына 1 млн тоннаға дейін жоғары сапалы болат өндіретін заманауи электрометаллургиялық зауыттың құрылысы басталды.

Сергей Павлингер, «Railways Systems KZ» холдингінің басқарма төрағасы

Зауыт Қоянды совхозы аумағында салынады. Станция дамиды, жұмысшылар кенті бой көтереді. Қазір мұнда заманға сай жабдықтар орнатылуда.

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары

Мемлекет деңгейінде, Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілді. Жалғаса береді. ЕкібастҰз теміржол жасау орталығына айналды. Осы мәртебесіне лайықты болуы тиіс. Жаңа болат балқыту зауыты іске қосылатынына сенімдімін. Экспорттық әлеует дамиды.

Зауытты іске қосу 2028 жылға жоспарланған. Жоба аясында 1600 жаңа жұмыс орны ашылады. Өнімнің 40 пайызы ТМД елдері мен Еуропалық одақ нарығына экспорттау көзделген.

Әйгерім Тоқпанқызы