Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен болған алқалы жиында қоғам үшін өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Алқалы жиында елдің саяси-әлеуметтік бағыт-бағдары және қоғамды алаңдатқан мәселелер талқыланды. Президент ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарып келетінін айтты. Сондай-ақ, еліміз 2025 жылды мол табыспен аяқтағанын жеткізді. Бұдан кейін Президент жаңадан құрылатын бір палаталы парламенттің атауын «Құрылтай» деп өзгерту туралы ұсыныс жасады. Жаңа парламентте депутаттар саны 145 адам болады. Бұған қоса, Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін қолдану бойынша барлық ұсыныстарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда түзетулер енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, елімізде балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу қойылуы мүмкін. Ұлттық құрылтай отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв жасөспірімдердің ойлау қабілеті төмендеп, аналитикалық дағдылары әлсіреп бара жатқанын айтып, онлайн платформаларды шектеу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұған қатысты ата-аналардың пікірі қандай?
Бұған дейін елімізде 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салатын заң жобасы дайындалған. Құжатты Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірледі. Заң жобасы былтыр желтоқсанда қоғамдық талқылауға шығарылған еді.
Әйгерім Тоқпанқызы