Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында «Заң және Тәртіп» қағидаты Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті. Осы ұстаным аясында «Адал полицей» республикалық акциясы бастама алды. Шараның мақсаты азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру. Полиция қызметінің ашықтығын және жауапкершілігін күшейту.

Акция аясында тәртіп сақшылары учаскелік полиция пункттерінде, мемлекеттік және жеке ұйымдарда, сауда үйлері мен банк мекемелерінде орналастырылған ақпараттық жадынамаларды жаңартты. Патрульдік полицияның қызметтік автокөліктерінде және әкімшілік ғимараттардың қасбеттерінде орналасқан QR-код ілінді. Бұл кодты сканерлеу арқылы тұрғындар сыбайлас жемқорлық деректерін немесе полиция қызметкерлерінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактілері туралы жедел түрде хабарлай алады.

Жандос Орымбаев, Павлодар облысы полиция департаменті басшысының орынбасары

Полиция департаментінде қызметтік тәртіпке, заңдылық пен кәсіби жауапкершілікке ерекше мән беріледі. Бұл ең алдымен кадрлық жұмыс аясында жүзеге асырылады. Жеке құрам арасында құқық бұзушылықтың алдын алу қызметке қабылдау кезеңінен басталып, бүкіл қызмет өтілі барысында жалғасады. Қызметкерлерге тұрақты түрде оқыту жүргізіледі. Заң талаптары түсіндіріледі, жеке кәсіби жұмыстар атқарылады, сондай-ақ олардың моральдық-психологиялық жағдайы бағаланады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытына ерекше назар аударылады. Әрбір қызметкерге заңсыз сыйақы алу немесе оны ұсыну фактісін жасыру қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертіледі. Сонымен қатар полиция қызметкерлерін заңсыз әрекетке итермелеу немесе араңдату жағдайлары да назардан тыс қалмайды. Мұндай деректер міндетті түрде тексеріледі. Азаматтарға да ескерту жасағым келеді. Полиция қызметкеріне заңсыз сыйақы ұсыну немесе беру – қылмыстық жауапкершілікке жатады. Мәселені заңсыз жолмен «шешу» еш нәтиже бермейді, керісінше жағдайды ушықтырады.

Полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттер немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану фактілері орын алса а бірден 32-28-22 нөміріне хабарлауға болады.

Сабина Жолдаспаева