Павлодарлық морждардың таңы қалай басталады? Олар қазан айынан наурызға дейін жұмыс басталмай тұрып Ертіс жағасына жиналады. Киім ауыстыруға екі минут, мұздай суға түсуге екі минут және қайта киінуге тағы екі минут беріледі. Барлық әрекет қатаң кесте бойынша өтеді. Тіпті қақаған аяз да олар үшін қорқынышты емес.

Қала енді ғана оянып жатқанда, олар жағалауда жүріп дайындалады. Қысқа жүгіру, бой жазу және мұздай суға қадам. Морждар клубының мүшелері үшін аяз – кедергі емес, таңғы әдеттің бірі.

Павел Цанда, Павлодар қаласының тұрғыны

Бұл іспен үнемі айналысатын адамның ағзасы жылу бөле бастайды, керісінше оған суық емес, ыстық болады, беті қызарады. Дене температурасы 2 градусқа, тіпті 2–3 градусқа дейін көтеріледі, біздің байқағанымыз сол.

Уақыт өте бұл әдет қажеттілікке айналады. Морждардың айтуынша, таңғы суға түсу күннің ырғағын белгілеп, физикалық қана емес, психологиялық сергектік сыйлайды.

Галина Медведева, Павлодар қаласының тұрғыны

Алғашында жайлап шомыла бастағанда, қорқынышты болады деп ойладым, ағза қалай қабылдайды екен деп уайымдадым. Бірақ бұл маған өте жақсы әсер берді, денсаулығым жақсарды. Ағзам мүлде басқаша сезіне бастады. Ұйқым қалпына келді, күн тәртібім өзгерді: таңғы 5–6-да еркін тұрып, осында келіп, жағалауда жаттығып, ойыққа түсіп, күні бойы өзімді сергек сезінемін.

Ең бастысы – қауіпсіздік ережелерін сақтау. Суға бірге түсу, арқаннан ұстау және құтқару шеңберін пайдалану басты талап.

Ренат Гайфуллин, Павлодар қаласының тұрғыны

Бұл ем емес, бұл – салауатты өмір салты. Біз бәріміз біргеміз, бір команда. Мұздай суға шомылу маған өте ұнайды.Таңертең суық суға түсіп алсаң, бірден өзіңді басқа адамдай сезінесің.

Павлодарлық морждар клубына биыл 60 жыл толды. Бүгінде ол 74 әуесқойды біріктіреді. Қауымдастыққа қосылғысы келетіндердің қатары жыл сайын артып келеді. Біреулер үшін мұздай су – сынақ болса, енді біреулер үшін сергектікке, серпінді ойға және көтеріңкі көңіл күйге бастайтын өмір салты.

Дильназ Қуанышбекқызы