«Адал полицей» акциясы аясында біз өз кәсібіне адал, қызметін абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкерлері жайында айтамыз. Солардың бірі – тергеу саласында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген тәжірибелі маман Марина Пугач. Ол жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесін қылмыстың бетін ашуға, әділдікті орнатуға арнап келеді.
Марина Пугач ішкі істер саласындағы қызметін қарапайым тергеуші болып бастаған. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында бүгінде ол тергеу бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарады. Қазір ол тек қылмыстық істерді тергеп қана қоймай, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін білікті тәлімгер.
Марина Пугач, Павлодар қаласы ПБ солтүстік полиция бөлімінің тергеу бөлімі бастығының орынбасары
Мен ішкі істер органдарында 2003 жылдан бері қызмет етемін. 2005 жылы қызметіне кірістім. Бұл салаға келуімнің басты себебі – заң мен әділдікті, адамдардың құқығын қорғауға үлес қосу болды. Тергеушіге қылмыстық іс тапсырылған кезде, ол істі қалай жүргізу керектігін, адамнан қалай дұрыс жауап алу қажеттігін нақты білуі тиіс. Біз осының бәрін қызмет барысында үйрендік, тәжірибе жинақтадық. Қазір өзіме келген жас мамандарды оқытып, бағыт-бағдар беремін. Оларға қылмыстық істер тапсырылады. Біз бәрін бірге талдап, не істеу керектігін талқылаймыз.
Бөлімде жас мамандарды оқытуға арналған арнайы кабинет бар. Ол кәдімгі пәтер үлгісінде жабдықталған. Мұнда ас бөлмесі, қонақ бөлме және тергеуге қажет барлық құралдар орналасқан. Әр сенбі сайын осы жерде тәжірибелік сабақтар өтеді. Бүгінде ең жиі тіркелетін қылмыстардың бірі – интернет алаяқтық. Онлайн сауда, жалған қоңыраулар мен әлеуметтік желідегі алдау фактілері тергеушілердің негізгі жұмыс бағытына айналған.
Марина Пугач, Павлодар қаласы ПБ солтүстік полиция бөлімінің тергеу бөлімі бастығының орынбасары
Қылмыстық істі тергеу мерзімі – екі ай. Сонымен қатар, жеделдетілген тәртіппен қаралатын істер бар, олардың мерзімі – 15 күн. Ал қазір біздің өңірде кейбір қылмыстық істер бір тәулік ішінде де тергеліп, сапалы түрде сотқа жолданып жатады. Қазіргі кезде ең жиі кездесетін қылмыс түрі – кибералаяқтық. Алдын алу шаралары көп жүргізілгенімен, алаяқтар түрлі жаңа тәсілдерді ойлап табуда. Біз студенттермен кездесіп, зауыттарға барып түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, дәріс оқимыз. Қоғамдық көліктерде ескерту аудиожазбалары қойылған. Учаскелік инспекторлар тұрғындарға жадынамалар таратады. Соған қарамастан, алаяқтық әрекеттер азаймай отыр. Сондықтан біз қылмыстың алдын алу және жолын кесу бағытында жұмысты жалғастырамыз. Ал, жұмыстан тыс уақытта шығармашылықпен айналысамын. Сурет салғанды ұнатамын.
Олардың жұмыс күні жоспарлы жиналыстан басталады. Бөлімдегі жиырмаға жуық тергеушіге атқарылатын міндеттер бөлініп, әрқайсысына нақты іс жүктеледі. Аға тергеуші жас мамандардың жұмысын бақылайды. Қажет кезде кеңес беріп, тергеудің дұрыс бағытта жүруіне көмектеседі. Әріптестері оны өз ісінің нағыз кәсіби маманы екенін жеткізді.
Дильназ Тоқбатыр, Павлодар қаласы ПБ солтүстік полиция бөлімінің тергеушісі
Онымен бірге бір ұжымда жұмыс істеп жүргеніме 2 жыл болып қалды. Ол өз ісіне жауапершілікпен қарайтын тәжірибелі маман. Ұжыммен ашық жұмыс істейді. Беделі жоғары, тәжірибесі бар тұлға. Мысалы 2024 жылдың 1 қыркүйегінде 121 баптың 4 тармағымен тіркелген қылмыстық іс түседі. Сол кезде жұмыс өтілім небәрі 5 ай болды. Сол кезде Марина Николаевна мені жалғыз қалдырмай, сол қылмыстық істі жолдаған кезге дейін қасымда болып көмектесетін. Айыпталушы 121 баптың 4 тармағымен өмір бойына бас бостандығына айырылды.
Жиырма жылдан астам уақытын тергеу саласына арнаған тәжірибелі маман кәсіби білімімен және жас буынға үлгі боларлық еңбегімен ерекшеленеді. Оның басты мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, әділдіктің орнауына өз үлесін қосу.
Сабина Жолдаспаева