Құрылтай өтті. Енді әр сала өздеріне тиесілі міндеттер бойынша жұмыс атқарады. Павлодарлық білім саласының қызметкерлері бұл құрылтайдан өскелең ұрпақтың болашағы жолында жасалаған қадамды аңғарғандықтарын айтады.

Жолдауда жан-жақты салалар қамтылып, елдің болашақ даму бағдары жария етілгеніне баршасы куә. Президент саяси, экономикалық өзгерістерден бөлек рухани-мәдени даму жолындағы ойларын да ортаға салды. Білім мен ғылымды дамытудың аса өзектілігіне тоқталды. Себебі, адами капиталдың артуы ғана Абай айтқан «Толық адамды» қалыптастырады.

Айнұр Бекбаева, Павлодар қаласы №48 ЖОББМ басшысы

Білім, ғылым саласына айтылған мәселелерді мұқият қарап шықтым. Әлі де білім мен ғылым саласына көптеген инвестиция құю керектігін айтты. Өйткені, адам капиталы бүгінгі таңда бірінші орында. Білікті, білімді мамандар болашақта болсын десек, шынымен де білім саласын дамытуымыз керек. Міне, осы мәселелер көтерілді. Ел Президентінің атап өткен тек қана білім, ғылым саласында ғана емес, әр түрлі салада айтылған негізгі ойларын болашақ жұмысымызға бағыт-бағдар ретінде аламыз.

Жас ұрпақ жаңа ілімдердің де құпиясына қызығады. Бұл тұрғыда цифровизация мен жасанды интеллектіні дамытуға мән берілгендігі де ұстаздар қауымын қуантып отыр.