Аймақта су тасқыны және өрт қаупі жоғары кезеңдеріне дайындық шаралары пысықталды. Облыс әкімдігінде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда облыс әкімі Асайын Байханов жауапты мекемелерге су тасқыны қатері бар аумақтарды анықтап, дайындықты күшейтуді тапсырды.

Өңірде 1 559 су өткізу құбыры тазартылып, қысқы кезеңге жабылды. Сонымен қатар 156 шақырым ағын суды өткізбейтін дамбалар салынып, нығайтылған. 36 су өткізу құрылысы орнатылып, жөндеуден өтті, шамамен 2 шақырым су бұру арналары жабдықталған екен. Баянауыл ауданында су басу қаупі бар 17 елді мекенде бөгеттер орнатылды. Жедел әрекет ету мақсатында өңір бойынша 2 мыңға жуық маман және 769 бірлік техникадан құрылған топ дайындалды. Облыс әкімі қар шығару жұмыстарын жалғастырып, Сілеті өзенінде мұз жару жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ су басу қаупі бар Тереңкөл, Успен және Май аудандары тіркемелі дизельді мотопомпалармен қамтамасыз етілді.Бұған қоса отырыста өрт қауіпсіздігі мәселелері де талқыланды. 2025 жылы жаңа өрт сөндіру бөлімшелерінің құрылуы нәтижесінде орман өрттерінің аумағы 46 есе қысқарған.

Әйгерім Тоқпанқызы