Қызылордада өткен бесінші ұлттық құрылтай өз жұмысын аяқтады. Қазір қоғамда онда айтылған бастамалар талқыланып, сарапшылар мен саясаттанушылар өз ойларын ортаға салуда. Қазақстандықтардың өміріне ықпал етуі мүмкін жаңа идеялар қандай?

Құрылтай барысында Парламент жұмысына енгізілетін өзгерістер, заң шығару қызметіне қатысты жаңа тәсілдер жария болды. Бұл жиын бірнеше жылдан бері билік өкілдері сарапшылардың басын қосып, идея алмасатын алаңға айналғаны белгілі.

Борис Поломарчук, саясаттанушы

Белгілі болғандай, бұл ұлттық құрылтайдың соңғы отырысы болды. Яғни, ол жаңа форматқа көшіп, Қазақстан халқы Ассамблеясымен біріктіріледі. Соның негізінде Президенттің бастамасымен “Халық кеңесі” деп аталатын жаңа кеңесші орган құрылмақ. Бұл бастамалар кейін референдумға шығарылатын болады. Бір палаталы Парламент құрылады, 145 депутат партиялық тізімдер бойынша сайланады, олардың өкілеттік мерзімі – бес жыл. Бұл – көптеген демократиялық мемлекеттердің қазіргі тәжірибесіне сай келеді. Парламенттің рөлі күшейеді, оған жаңа өкілеттіктер беріледі, комитеттер саны артады. Мұның барлығы нәтижесінде шын мәнінде ықпалды, күшті Парламент қалыптасатынын көрсетеді. Көпшіліктің пікірінше, ол Қазақстан халқының үміт-тілегіне жауап беріп, тиімді жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, Президент вице-президент лауазымын енгізуді ұсынды. Бұл тәжірибе көптеген демократиялық елдерге, әсіресе АҚШ-қа тән. Осылайша, біз 2019 жылы жарияланған саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз.

Заңнамалық мәселеден бөлек, қоғам үшін өзге бастамалар де талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, құрылтай проблемалық тұстарды анықтауға және Қазақстан азаматтарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік берді.